Шудың депутаттары марапатталды | arainews.kz

Шудың депутаттары марапатталды

225

Жақында «Nur Otan» партиясы Шу аудандық филиалының мәжіліс залында «Қазақстан Республикасының мәслихаттарына – 25 жыл» толуына орай, салтанатты жиын өтті. Мәні мен маңызы зор бұл шараға Шу ауданы әкімі Қ.Досаев, облыстық, аудандық мәслихаттың өткен шақырылымдарының депутаттары, аудандық және қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдарының төрағалары, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, қала мен ауылдық округтердің әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын барысында аудандық мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиев жиналған қауымды Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді органдары – мәслихаттарға 25 жыл толуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде мәслихаттың ықпалымен 25 жыл ішінде халық игілігі үшін қыруар жұмыстар атқарылғандығын тілге тиек етіп, сол тындырымды тірліктердің аса маңызды тұстарына тоқталып, оған белсенді үлес қосқан азаматтардың есімдерін атап өтті. Бұл тұста әсіресе, әлеуметтік салаға басымдық беріліп, нәтижесінде өңір халқының тұрмыс сапасы артып, бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне ықпал еткендігін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың, бір кездері лайықты деңгейде қызмет атқарған қалалық мәслихаттың даму тарихын қысқаша мәлімдеп, қол жеткізген жетістіктерді де назардан тыс қалдырмады. Сөз соңында аудандық мәслихат, оның ішінде депутаттық корпус алдағы уақытта да қолданыстағы заңдылықтарды басшылыққа ала отырып, аудан өмірін өркендетуге барынша ықпал жасай беретіндігін жеткізді.

Салтанатты сәтте Ержан Көрікбайұлы бірнеше адамға «Қазақстан Республикасының мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалін табыс етуді  ең бірінші шақырылымның депутаты, Шу ауданының Құрметті азаматы, бүгінде  88 жастағы зейнеткер И.Алиевтен бастады. Марапатталушылар қатарында алдыңғы шақырылымдарда екі-үш реттен қатар депутат болған зейнеткерлерлермен қатар, аға буын өкілдерінің өнегелі ізін жалғаған қазіргі таңдағы облыстық және аудандық мәслихат депутаттары да болды. Айта кететін жәйт, бұған дейінде дәл осындай медальмен аудандық мәслихатта өткен сессия барысында бірнеше жерлестеріміз марапатталған болатын.

Мерекелік медаль аудан әкімі Қ.Ә.Досаевқа да табысталды. Құттықтау сөзін сөйлеген аудан басшысы өз сөзінде өңірде түрлі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, аудандық бюджет көлемінің артуы халықтың тұрмыс сапасының артқандығын аңғартатындығын айтып, бұл тұста аудандық мәслихат тарапынан атқарылған игілікті істер алдағы уақытта да өзара ауызбіршілік арқылы оң бағытпен жалғаса береді деген сенімін білдірді.

Шара барысында аудандық мәслихаттың үшінші щақырылымының депутаты, зейнеткер, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Ж.Оспанов, алтыншы шақырылымның депутаты, зейнеткер А.Молдашевалар да құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.

dalanews.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.