Шер-абыз

117

Шерлі далам…
Жоқ енді анық Шер-абыз,
Жыла, жалған!
Жанарыңнан сел ағыз!
Қайраткерден, айбатты ерден айырылған,
Айтады әлі боздап талай ел аңыз.

Жүрек шемен…
Өтті өмірден Шер-тұлға,
Дес бермеген қоғамдағы дерт уға!
Шешендігі Жиреншенің өзіндей,
Көсемдігі секілді Алып Ер Тұңға!

Ақты жұлдыз…
Көкіректе шер-күйік,
Емен сынды ең еңселі, ең биік.
Бұтағымен бұлтты шалып, ал басын
Еміреніп тұрушы еді елге иіп.

Шерағаңсыз…
Батыл сөйлер басқа кім?
Мінбелерден саңқ етпейді асқақ үн.
Тіліменен тасқа қашап кетті елге,
Тіршіліктің екендігін қас-қағым.

Шерлі далам…
Жоқ енді анық Шер-абыз,
Жыла, жалған!
Жанарыңнан сел ағыз!
Арыстансыз қалған мынау орманда,
Шибөрілер шуылдап жүр керауыз!

Серікзат Дүйсенғазы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.