Шарапатқа бөлеген шуақты сәттер

Өмірде мейірімді жандардың көбірек болғанын қалаймын. Бірақ, олардың қатары бүгінгі заманда сиреп бара жатқандай көрінеді.
Шын мәнінде, ізгіліктен тамыр тартатын мейірімділіктің әлемді сақтап қалуға қауқарлы құдіретті күш екендігін адамзат баласы мойындай бастағандай. Оның тұнық бастауында жүректі нұрландырар қуаты мол – «Иман» деген қастерлі ұғымның тұратындығын естен шығармаған абзал.

Биылғы жылдың сәуір айында қасиетті Меккеге барып, қажылық парызымызды өтедік. Умра деп аталатын кіші қажылық сапар барысында ізгілік пен мейірімділіктің, жақсылық пен қайырымдылықтың талай үлгісін көріп, жүрегіміз нұрланды. Жанымыз шуақтанып, көңіліміз көркейді. Шын мәнінде, Алланың мейірімі мен шапағатына бөлендік. Қажылық кезінде тамшы тамбайтын Меккеде нөсерлетіп жаңбыр жауды. Қағбаны айналудың үшінші күнінде осындай ерекше құбылысқа куә болдық. Бұл біз үшін Алланың нұры жауған күн болды. Алла бізге осылайша алабөтен рахымын жаудырып, өз қамқорлығына алғандай күй кештік.
Қажылық сапарымыз Меккеден кейін Мәдина қаласында жалғасты. Осындағы мейманханаға жайғасып болғаннан кейін орнымнан тұрып сыртқа қарасам, екі көгершін тереземізге келіп қонақтап отыр екен. Үрікпейді, дыбыс шығарып, бізбен сәлемдескендей болды. Жұбайымыз екеуміз сыртқа шығып, біраз уақыттан кейін қайта келсек, әлгі екі көгершін терезенің алдында әлі отыр. Құстарға азық ұсынып едік, шұқып-шұқып дәм татты. Шамалы уақыттан соң ұшып кетті. Біраздан кейін екеуі қайта оралды. Бір қызығы, бізден қорықпайды, сескенбейді. Жақынының жанында жүргендей өздерін еркін сезінеді. Осы екі құс біз кеткенше қасымыздан кетпеді.
Куба мемлекетінің Президенті Фидель Кастро 1959 жылдың 9 қаңтарында Гавана­ның орталық алаңында «Кубалықтар, мен сіздерге бостандық әкелдім», – деп әйгілі сөзін сөйлеп тұрғанда, аспаннан бір топ көгершін ұшып өткен екен. Соның біреуі Фидельдің иығына келіп қонады. «Оның Құдайы бұл кісіні өзінің қорғауына алды», – депті алаңға жиналған көпшілік сол сәтте.
Азаттық жолында басын бәйгеге тігіп күрескен ұлы революционер жеңіске жетіп, өз елінде жаңа қоғам орнатты. Еліне адал қызмет етіп, өзінің Кубасын өркендеу жолына бастап, кіршіксіз таза қалпында 95 жасында дүниеден өтті. Көсемнің иығына көгершін бекер қонбаған екен. Оның Құдайы қолдап, осынша жыл еліне бас-көз болып, кейінгі ұрпаққа имани таза жүрегімен аманаттап кетті.
Мәдина қаласында екі көгершіннің айналсоқтап, бауыр басып, жақын жүргендерін біз де жақсылыққа жорыдық.
Мәдинаның әлемге нұрын шашқан қала екендігі даусыз. Аппақ айдай болып жарқыраған қаланың көркіне көз тоймайды. Осында Мұхаммед Пайғамбардың қабірі орналасқан. «Қабірге зиярат еткендерге нұр жауады, жандары нұрлы болады», – деген хадис бар. Біз де зиярат етіп, Пайғамбарымыздың шапағаты мен рахымына бөленуді тіледік.
Алланың елшісі Меккеден Мәдинаға келгеннен кейін, алғашқы ісі мешіт салдыру болған. Мұхаммед Пайғамбарымыз кірпішін қалатқан әлемдегі әйгілі үш мешіттің бірі «әл-Мәсжид ән-нәбәуи» мешітінде болып, жұма намазға қатыстық. «Осында оқылған бір намаз Меккедегі «әл-Харам» мешітін есепке алмағанда, кез келген мешіттегі мың намаздан абзал» деп айтылады хадисте.
Қажылыққа барған барша мұсылман Пайғамбар мешітіндегі жұма намазға қалай асықса, біз де солардың сапында болуға ұмтылдық. Сансыз адаммен бірге мешітке келгенімізде бос орын болмады. Мешіттің сыртынан орын іздеуге тура келді. Тігілген шатырлардың да асты бізге бұйырмады. Төбемізде күн шақырайып тұрса да ашық алаңға жайғастық. Аптап ыстықтан мәрмәр тастар қыз-қыз қайнап, табан бастырмайды. Сонда да аяқ киімдерімізді шешіп, намаз оқуға сапқа тұрдық. Жайнамазымның жоқтығын көрген қасымдағы қара өңді мұсыман баласы өз жайнамазын маған қарай бұрып, бірге оқиық дегендей ишарат танытты. Мен қуана келістім.
Жұма намазы біткеннен кейін әлгі жігіт жайнамазын бүктеп, маған ұсынды. «Алмаймын, жайнамазым қонақүйде қалып кеткен» деп қанша бас тартқаныммен, «Мен сізге сыйладым» деп мені көндірді. Мұсылман бауырымның әрекетіне риза болып, құшағыма қысып-қысып алдым. Екеуміз ұзақ қоштасқанымызбен, оның есімін де, қай мемлекеттен келгенін де сұрамаппын.
Міне, жүректі нұрландырған осындай шуақты сәттердің куәсі болдық. Иншалла, Мекке мен Мәдина қаласынан Алланың нұрына малынып, жандүниемізді сөзбен айтып жеткізе алмайтын айрықша әсерге бөлеп, рухани азық жинап оралдық.
Лайым, ізгілікке толы осындай таңдарымыз көп болғай!

Мақұлбек Малдарбеков,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Тараз қаласы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.