Шағын орталықтағы шу

Екіге бөлінген ұжым елдің есін шығаруда

Редакциямызға Жамбыл ауданы, Аса ауылының тұрғыны хабарласып, №1 орта мектеп жанынан ашылған шағын орталықтағы бассыздықты баспасөз бетінде жариялауымызды өтінді. Тіпті, «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы балаларға таратылып жатқан тамақтың неше түрлі суретін және тәрбиеші Роза Құлбаеваның басшылыққа осы жайтты сан мәрте ескерткенімен, өзін алдарқатып шығарып салатынынан шаршағанын айтып, дабыл қаққаны туралы аудиожазбасын да қоса жолдады.

Осыдан кейін біз Жамбыл ауданына жол тартып, алдымен аталмыш мектептің директоры Бауыржан Валиевке жолықтық. Ол орталықта 6 тәрбиеші және олардың 3 көмекшісі бар екенін, қазіргі таңда 75 бала үш топқа бөлініп тәрбиеленіп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, тәрбиешінің үшеуі еңбек демалысында екенін, өзі осы жағдайға 9 тамыз күні қанық болғанын, тамақтың сапасына қатысты бұған дейін сын-ескертпе болмағанын айтты.
– 9 тамыз күні тәрбиеші Роза Құлбаева мен Назым Убайдуллаева балаларға үлестірілген күріш сорпасының ішінен «Тышқанның қиы шықты» деп майда-майда, түсі қара екі түйір әлдебір затты маған алып келді. Мен ол заттарды көптің көзінше қағаз конвертке салып, мөр басып, сақтап қойдым. Мақсатым – аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметіне жүгініп, оның не зат екенін тексерту. Сонымен қатар, осы іске қатысты тиісті адамдардан түсінік алып, мекемеішілік қызметтік тексеру жұмыстарын жүргіздім. Дегенмен, ертесіне мекемеге бір топ ата-ана келіп, шу шығарды. Олармен жиын өткізіп, бір аптадан кейін істің нәтижесінен хабардар ететін болып келістім. Бір айта кетерлігі, жиын барысында тәрбиеші Роза Құлбаеваның маған ата-аналардың басын қосып, бізге айдап салғандай кейіпте көрінді. Оның үстіне аталған тәрбиешінің «Шағын орталық медбикесі мен аспазшыға тағатын кінәм жоқ, бірақ, шағын орталық меңгерушісі Сәулеш Қосарованың түбіне жетпей қоймаймын» деген сөзі қатты ойландырды. Мұны естіген ата-аналардың кейбірі астың сапасына аспазшы мен медбике жауап беретінін ұғынып, мынау іштен шыққан кикілжің екенін сезгендей болды. Десе де, «астың сапасына абай болыңыздаршы» деп бізге сенім артып, үйлеріне қайтса, бір топ жас ата-ана «заң орындарына жүгінеміз» деп доқ көрсетті.

Ал, Р.Құлбаеваның маған астың жеуге жарамсыздығы жөнінде меңгерушіге бірнеше мәрте ескерткенін, одан нәтиже болмаған соң, ата-аналарды жинағанын айтқанына нанбаймын. Себебі, ол мені осы мекемеде күнде көріп жүр. Бұл мәселе жөнінде неге маған бірден ескертпегені еріксіз таңғалдырды.
Жалпы, азық-түлік сақтайтын қоймамыз тышқан кіріп кететіндей, далада тұрған ауылдағы сарай емес, сенбесеңіз көріңіз, – деп директор бізді азық-түлік сақтайтын бөлмеге ертіп барды.
Онда тиісті азық-түліктер кейбірі целлофан қаптамамен оралса, енді бірі қағаз қорапқа салынып, сөреге қатталып жиналыпты. Жеке кәсіпкер «Тоқсейітова» азық-түлікті тұрақты түрде жеткізіп беретін көрінеді. Аспазшы Гауһар Меңлібаева ас мәзірінің тізімінде бірінші тағамға асбұршақ, кеспе, арпа жармасынан жасалған сорпа және түшпара, борщ берілетінін айтты. Екінші тағам тізімінде макарон, қарақұмық, картоп, бұқтырма, манты бар екен. Бүлдіршіндер күніне үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылыпты. Осы асханада жұмыс істеп жатқанына он жыл болған ол әлі күнге үстінен ешқандай шағым түспегенін, асты өздері дайындағанымен, оны балаларға тәрбиешілер үлестіретінін, сол екі ортада «ниеті бұзықтар» тамаққа бірдеңе қосып жіберуі мүмкін екенін айтып, жыларман күйге түсті.
– Бұрын тәрбиеші Роза Құлбаеваның астың ішінде қыл жүр деп бір-екі мәрте келіп ескерткені есімде. Бірақ, нақты қолыма ештеңе ұстатқан жоқ. Дегенмен, дайындалған тамақтың дәмін алдымен өзім татып көремін. Жеуге дайын болғанда ғана үлестіремін. Тышқанға қатысты ыңғайсыздық мені де таңғалдырып тұр. Жалпы, мен астың жеуге жарамдылығын балалардың денсаулығымен қатар, өз қара басымның амандығы үшін де қадағалаймын, – деді шағын орталықтың медбикесі Эльмира Нұрматова.
Тәрбиешілердің көмекшісінің бірі – Гүлбану Мұхамеджанова аспазшылардың тамақты шелекке құйып беретінін, тәрбиешілер болса асты әр ыдысқа бөліп, балаларға тарататынын, бұл мәселеге өздерінің еш қатысы жоқ екенін айтты.
Осы орайда, біз шағын орталықтың меңгерушісі Сәулеш Сәлімқызының өзімен де пікірлестік. Ол өзіне нақақтан-нақақ жала жабылып отырғанын алға тартты.
– Тәрбиеші Роза менің тапсырмамды үнемі орындамайды. Онымен қоймай, өзіме сөз қайтарып отырады. Лездеме үстінде тіпті, сағыз шайнайтыны да ерсі көрінеді. Мен ондай қылықтың тәрбиешіге жат екенін талай айтқанмын. Ақыры мені жау тұтты. Тоқетерін айтқанда, ол менің басшы екенімді мойындағысы келмейді. Негізгі жанжал оның өз тобындағы балаларға таңертең жаттығу жасатпағаны үшін шықты. Бұл түсініспеушіліктен кейін оның «тамақтан ананы таптық, мынаны таптық», «айран ыдыстың түбіне ғана құйылады» деп «аттандап» жүргеніне куә болдық. Егер мен балалардың тамағынан жырып айранды үйге тасып жүрсем, ел-жұрт көрер еді. Мектеп басшылығының да шара қолданатындығы сөзсіз. Шындығына келгенде айранды да, тамақты да балаларға құйып тарататын тәрбиешілер. Кімге қанша құйғысы келсе, өз еркі өзінде. Менен өш аламын деп, екі ортада бәрімізді жерге қаратып отыр, – деді ол.
Тәрбиеші Назым меңгеруші және медбикеге бір жолы түсі, пішіні тышқанның қиына ұқсас затты көрсеткенде олардың «Ой, бұл жәй ғана шайдың самасы (заварка) ғой» деп бой бермегенін жасырмады. Ал, үшінші тәрбиеші Сандуғаш Балғабаева тобындағы балалар екі жасқа толмағандықтан, солардың қасынан шыға алмайтынын, сол себепті бүлдіршіндерге ас құйып беруге мүмкіндігі жоқ екенін айтып, «Мен ештеңе көрген жоқпын» деп басын алып қашты.
«Балауса» тобының тәрбиешісі Роза Құлбаева бұл пікірлермен келіспейтінін, осыған дейін меңгерушіге де, медбикеге де ескерткенімен түк нәтиже шықпағанын, сосын осы қадамға барғанын айтты.
– Мені балалардың денсаулығы алаңдатты. Осы былықты маңайымдағының бәрі біледі. Олар жұмысымыздан, жеп отырған нанымыздан айырылып қаламыз деп шындықты айтуға қорқады. Қазір тәрбиеші Назым екеуміз әр кез тағам ішінен шығатын тышқанның нәжісіне куә боп жүргендіктен, турасын айтуға белді бекем будық.
Мен шынымен меңгерушінің айтқанын істемеген болсам, неге олар жазаламайды? Маған неге осы күнге дейін мақтау қағазын беріп келді? Санатымды көтеру жөнінде басшылық неліктен оқыту курсынан өткізді? Неліктен олар басқа шағын орталықтар секілді балаларға банан, алма, қияр, қызанақ секілді көкөніс, жеміс-жидек бермейді? Осындай кемшіліктерді көріп отырып, қалай шыдауға болады?!
Ата-аналар жиналысы болып жатқанда мектеп директоры «Сен халықтың баласын қашаннан бері ойлап қалғансың?» деп келемеждеді. Мен тамақ арасынан шыққан белгісіз заттың тышқанның қиы екеніне сенімдімін. Соны мектеп директорына апарғанымда оны алып қалды да, «Бұл мәселені өзім шешемін, тыныш жүр» деп ұрсып-ұрсып, бөлмесінен шығарып жіберді. Енді соны мектеп басшысы құртып жібере ме, әлде оны басқа затпен айырбастап қоя ма деген қаупім бар. Өйткені, қолымдағы жалғыз айғақ сол болатын. Ауыстыра салуы әбден мүмкін ғой, – деді Р.Құлбаева.
Бауыржан Валиев болса, мен оған «Сен халықтың баласын тәрбиелеп отырған адамсың, бұл жерде бізбен салғыласпай, бүлдіршіндерге қара» деп айтқаным рас. Өйткені, ол жұмыс уақытында бізге сөз қайтарып отырды» деп қысқа қайырды.
Бізбен кездескен бір топ ата-аналар балалардың денсаулығына қатты алаңдаулы. Соның бірі – Аса ауылының тұрғыны Дина Жанаділова. Ол балалардың қандай тағам тұтынып жүргендігі туралы суретті «WhatsApp» әлеуметтік желісіндегі ата-аналарға арналған ортақ чаттан көргенде есеңгіреп қалғанын айтады.
– Физиологиялық және психологиялық тұрғыда өсіп-жетілуіне баланың тұтынатын тағамының тигізер маңызы зор. Тамақ сапасының төмендеуі бір бөлек, ас ішінен жәндік қиының шығуы бауыр еті баламыздың ауруға шалдықпасына кепілдік бере алмайды. Өзім екі жасқа толмаған баламды осы шағын орталыққа бергеніме екі-үш апта болып еді, енді не істерімді білмей отырмын. Мынадай былықты құзырлы органдар анықтап, ретке келтірмесе болмайды. Сол үшін біз аудандық прокуратураға да шағымдандық.
Балаларымыз салмақ қосудың орнына неге азып бара жатыр деп жүрсек, оларды тамақтан қысатыны белгілі болғандай. Үйге келгенше жылап, тамақ ішкеннен кейін тыныштала қоюының сырын енді түсініп жатырмыз. Не десе де біз бір жайтты ұғындық. Егер меңгеруші мен тәрбиешінің арасында кикілжің болмағанда, біз балаларымыздың қандай тағаммен қоректеніп жүргенідігінен бейхабар күйде қалар едік. Олардың өзара дауласуы бізге сұмдық шындықтың бетін ашып берді, – дейді Д.Жанаділова.
Бір қызығы, ата-аналар да шағын орталық ұжымы секілді екіге жарылған. Олардың алғашқыларының пікірі жоғарыдағыдай болса, енді бір тобы шағын орталықтың қызметіне дән риза. Меруерт Тұрдыбаева есімді ата-ана тәрбиешілердің балаларды асқан мейірімділікпен күтіп алып, шығарып салатынын айтса, енді бірі ас ішінен тышқанның қиы шықты дегенге сенбейтінін тілге тиек етеді.
– Менің Айсұлтан, Айару атты ұл-қызым №1 орта мектеп жанындағы шағын орталықта тәрбиеленуде. Балаларымның тамағы тоқ, ұйқысы қанық. Күнделікті берілетін ас мәзіріне еш шағымым жоқ. Жалпы, шағын орталық тәрбиешілеріне, меңгерушісіне, мектеп директорына да алғысым шексіз! –дейді ата-ана Нұрдәулет Есенәлі.
Мына жайт бойынша біз ешкімді де кінәлай алмаймыз. Кімнің ақ, кімнің қара екенін тиісті орындар анықтай жатар. Десе де, біз осы оқиға ізіне түскенде бір жайтты байқадық. Ол балалардың ас-суына бөлінетін қаражаттың аздығы. Аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Динара Қасымованың айтуынша, ауданда барлығы 20 шағын орталық болса, соның 16-сында тәрбиеленіп жатқан әр бала үшін ата-аналар 4 мың 500 теңге төлейді екен. Сондықтан, балалардың күндік тамағының құны 215 теңге ғана болып белгіленген. Мұның ішінде №1 орта мектеп жанындағы шағын орталық та бар. Ал, қалған 4 шағын орталық жарты күндік болғандықтан, ондағы балаларға ата-ананың төлейтін ақысы айына – 2 000 теңгені құрайды. Соның есебінен балалар күніне бір мезгіл ыстық тамақ ішеді. Бұл сома Үкіметтің қаулысымен бекітілгені белгілі. Ендеше, тиісті министрлік балаларға төленетін ақы құнын қайта қарап, олардың ас-ауқатына бөлінетін қаражат көлемін біршама ұлғайтса, тағамның түрі көбейіп, құнары да артар еді.

Бет қатталып жатқанда:
Редакциямызға Аса ауылындағы №1 орта мектеп директоры Б.Валиев хабарласып, мектеп асханасында дайындалған астың сапасын «Ұлттық сараптама орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалының аудандық бөлімі төрт бағыт бойынша тексеруден өткізіп, олар астың адам ағзасына зияны жоқтығы жөнінде оң қорытынды бергенін, ас ішінен табылған заттың өсімдік дәні екенін айтты.
– Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының аудандық бөлімі бізге «Сіздің 2018 жылғы 10 тамыз күнгі №133 хатыңыз бойынша зертханаға тапсырған белгісіз түйіршік қара заттарды микроскоппен тексеру барысында оның өсімдік дәні екені анықталды» деген хат жолдады, – дейді ол.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.