Сенаторлар шекара шебіндегі ауылдардағы мектептердің мәселесін көтерді

69

Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар шекара шебіндегі елді мекендердегі мектептердің мәселесін көтерді. Осы орайда ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолданды.

«Ағымдағы жылдың тамыз айында өңірлерде болған іс-сапарамыз барысында Марқакөл мен Үлкен Нарын аумақтарының тұрғындары мемлекет тарапынан шешіліп жатқан жұмыстарды айта отырып, қордалаған мәселелерді де көтерген еді. Әрине, шекара шебіндегі елді мекендердегі миграцияның жағымсыз сальдосына әлемде үрдіске айналған урбанизация, мобильді байланыс пен интернет сапасының төмендігі және заманауи коммуникациямен қамту факторларының әсері баршамызға түсінікті. Біздің депутаттық сауалымызға ШҚО-ның шекара маңында орналасқан Күршім және Катонқарағай аудандарында туындап отырған халық саны аз ауылдық жерлерде мектептердің жабылуы себеп болды. Бұл жағдай еліміздің көптеген шекаралық аймақтарына да тән екені даусыз», — деді депутат Дүйсенғазы Мусин.

Осы орайда ол алаңдатып отырған статистикалық деректерге тоқталды. Мәселен, Катонқарағай ауданы халқының саны соңғы 20 жылда 29 мыңға азайған, алты ауыл елді мекен мәртебесінен айырылды. Сонымен қатар аталған мерзім ішінде оқушы саны азайғандықтан, мектептердің жабылуы байқалды. Бұдан бөлек сенатор соңғы 20 жылда тек Марқакөл өңіріндегі халық саны 2 есеге азайғанын атап өтті.

«Келтірілген деректер шекара маңының иесіз мекенге айналуының дәлелі. Сондықтан бұл үдерісті тоқтату шараларын жеделдету, елді мекендерді нығайтып, көптеп қоныстандыру стратегиялық маңызы бар мәселе болып отыр. Мектеп санын қысқарту туралы мәселе жалпы шекара аймағындағы проблемаларды кешенді түрде шешу арқылы қарастырылған дұрыс деп санаймыз. Бұл бағытта ШҚО басшылығы арнайы жоспар жасап, Үкіметке бірқатар ұсыныстарын жолдағаны мәлім», — деді депутат.

Жоғарыда айтылғанға байланысты, Білім және ғылым министрлігі тарапынан білім беру ұйымдары желісі нормативіне негізгі және орта мектептердің қызмет етуі үшін норманы төмендетуге қатысты өзгерістер енгізу ұсынылды.

«Сонымен қатар, мектептерді қолдау, олардың жабылуын тоқтатуға бағытталған өзгерістер, нақты іс-шаралар қарастырылып, оңтайлы шешімдері қабылдануын ұсынамыз. Елбасының кезекті Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында, шекара аймағындағы мектептер мәселесі елді мекендерді дамыту жоспарымен ұштастырылып, әзірленетін өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасында және еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық кеңістік дамуының болжамды кестесінде арнайы шаралар кешені ретінде ерекше орын алуы қажет деп санаймыз», -деді Дүйсенғазы Мусин.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.