Сарысуда жаңа мешіт ашылды

Сарысу ауданы Түркістан ауылдық округі Әшір Бүркітбаев ауылында «Ақмолда» мешітінің ашылу салтанаты өтті. Мешіттің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қанатбек Мәдібек:

— Мешіт — адамды имандылыққа бастайтын орын. Ал, бақыттың негізі — иманда екендігі белгілі. Жылда ауылдық округтеріңізде көшелер жөндеуден өтіп, жаңа нысандар ашылуда. Клуб үйі жаңартылып, ауыл ортасында ардагерлер аллеясы соғылуда. Жақында ғана, көрші жатқан Арыстанды ауылына өмірі болмаған ауыз су берілді. Енді міне, жаңадан бой көтерген мешіт ауылға көрік беретін әдемі ғимараттың біріне айналып отыр. Мұның барлығы, ауылымыздың ажарын келтіріп, жаңа келбет беретіні анық. Ауызбіршіліктің ерекше үлгісін көрсетіп, мешіт құрылысын жүргізуге үлес қосқан барша ауыл жұртшылығына алғысымды білдіргім келеді.

Бұл мешіт, ауылда ислам дінін одан әрі нығайтуға және жастарды имандылық пен адамгершілік қасиетке тәрбиелеуге қызмет етеді деп сенемін. Қандай дін болмасын адамдар арасында араздық туғызбауға, лаңкестік әрекеттерге жол бермеуге тиіс. Сонда ғана біз діни сенімі мен бостандығы жарасқан достық пен татулықта боламыз.

Құрметті жиналған қауым!

Баршаңызды осынау игілікті істің іске асып, Алла үйінің бой көтеруімен құттықтаймын! Сіздерге ырыс-ынтымақ және құт-береке тілеймін! — деді.

Содан соң осы ауылдан түлеп ұшқан сыйлы азаматтар мен ауыл ақсақалдары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі, Тараз қалалық «Һибатулла-Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл, Түркістан ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Дәуітбек Бейімбетов ізгі ниеттерін арнады.

Мешіттің ашылу құрметінде ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі, Тараз қалалық «Һибатулла-Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл мен Түркістан ауылдық округі, Әшір Бүркітбаев ауылының құрметті қариясы Майхиев Құлыбек лента қиып, жиылған жамағатқа ас беріліп, қасиетті жұма күні ауылдықтар қуанышы еселене түсті.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.