Пилоттық жоба аясында жүйелі жұмыс жүруде | arainews.kz

Пилоттық жоба аясында жүйелі жұмыс жүруде

318

Жалпы облыс  тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасына он округ таңдалынып алғанын бұған дейін айтқанбыз. Он бірінші округ ретінде Байзақ ауданындағы Түймекент ауылы жыл соңында қосылған. Міне осы елді мекендер ішіндегі Шу ауданы, Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғындары да алғашқы қаржыларына қол жеткізуде. Округке қарасты Көктеба ауылында   493 аула,  2889 халық болса,  олар  625 миллион 495 мың теңгеге  өтінім берген. Сол қаржының мал сатып алуға қажетті бөлігі тұрғындарға беріліп жатыр. Өтінім сомасын алғандардың  бірі –  Айдын Кенжебеков.

– Ауылдағы ағайынның негізгі күн көрісі – мал шаруашылығы екені белгілі. Қолда бар мал басын арттыру үшін өткен жылдың соңында 4 миллион 300 мың теңгеге жоба аясында өтінім берген болатынмын. Құжаттарды дер кезінде өткізгенімнен болар, көп ұзамай ақшам қолыма тиіп, 3 миллион 600 мың теңгеге 9 бас жылқы сатып алдым. Қалған 700 мың теңгесін жем-шөпке қалдырдым. Бұған дейін қорамда 40-қа жуық қой, 3 мүйізді ірі қара, 2 тана мен 1 құнажын байланып тұрған еді. Енді міне 9 жылқымен төрт түлігімнің саны артып отыр.

Бұдан бөлек «Наурыз» шаруа қожалығыма тиесілі 6 гектар жерім бар. Осы жерге жоңышқаны көптеп егіп, алдағы уақытта мал басын тағы көбейтесем деген жоспарым бар. Осылайша өңірдің ет кластерін дамытуға өзіндік үлесімді қоссам деймін.

Әрине осындай мүмкіндік туғызып, жарқын жобаны жандандырған Үкіметке, облыс әкімі Асқар Мырзахметовке айтар алғысым шексіз. Егер ол кісі болмаса, менің ойлаған армандарым жүзеге аспас еді, -дейді қуанышын жасыра алмаған шаруа.

Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғына Дәуренкүл Күләшбекова да қаржысын алғашқылардың бірі болып алып, төбесі көкке жеткендей болып отыр.

– Жанұямызда жалғыз өзім жұмыс жасағандықтан жолдасыммен ақылдаса келе мал шаруашылығын қолға алуды ойладық. Содан «Айбат» шаруа қожалығын құрып, бастапқыда 10 бас ірі қара мен 20 бас уақ малды жинаған қаржымызға сатып алдық. Сондай-ақ иелігіміздегі 10 гектар жерге жоңышқа егіп, күнімізді күнелттік.

Алайда өткен жылы ауылға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі келіп, пилоттық жобаны жан-жақты түсіндіргенде терең ойға қалдым. Ә дегенде «бұл не қылған батпан құйрық» деп жүрексінгеніммен, кейіннен берілетін қаржының пайыздық мөлшерінің төмендігі мен бір жылдық демалысы және  қайтаратын уақытын егжей-тегжейлі зерделегеннен кейін жобаға қатысуға бел будым. Енді міне алғашқылардың бірі болып өтінім сомасын алып, 800 мың теңгеге екі жылқы, 2 миллион теңгеге 50 қой сатып алып, қалған 400 мың теңгесін жем-шөпке  қалдырып қойдым.  Бұл несиені біз 5 жылға алғандықтан бір жылдық демалысынан кейін тездетіп төлеп тастау ойлап отырмыз. Себебі Үкімет пен облыс әкімі бізге сенім артып бергеннен кейін оның өтеуін де дер кезінде жасағанымыз  абзал, — дейді Дәуренкүл Хамитқызы.

Дәл сондай округ тұрғыны Жандос Бижанов та жобаның берген шарапаты мен жауапкершілігін сезінуде.

– Жасырып қайтейін, бастапқы да бұл жобаға бүкіл ауыл күдікпен қарағаны рас. Алайда толық ақпаратпен танысқаннан кейін, тиімділігін түсіндік. Содан округ әкімі Найла Қондыбаева жолығып, өтінімді бердім. Құдайға шүкір қазір 4 миллион 150 мың теңгеме қол жеткізіп, 6 бас жылқы, 5 бас мүйізді ірі қара сатып алып отырмын. Енді қыстан қысылмай шығып, малдың  тұяғы  көкке ілінсе, төрт түлігім төлімен көбейіп кетеді деп сенемін. Алдағы уақытта жоба жалғасын тауып жатса, бағдарлы бағдарламаға қатысып, мүмкіндікті мүлт жібермеуге барлық  ауылдастарымды шақырамын, -дейді Жандос.  

Иә қалай дегенде де тұрғындар жарқын  жобаның алғашқы жемісіне дән риза. Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғындары бағдарламының бес бағытынына да қатысуға өтінім бергенін ескерсек, елді мекенде әлі талай тойдың шаттығы естілгелі тұр. Ендеше бағдары айқын бастаманың шарапатын өзге шаруалар да  жақын арада  көрсін деп тілейміз. Ол үшін жауапты мамандар күн-түн демей еңбек етуде. Ең бастысы тұрғындардың тұрмысы түзеліп, жобаның жемісін жалпақ жұрт көрсе игі.

Саян Тілеужан

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.