Партиялық жоба аясында атқарылған тірлік көп | arainews.kz

Партиялық жоба аясында атқарылған тірлік көп

116

Елімізде бастау алған «Ауыл – Ел бесігі» жобасына алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлінбек. Дәл осы жобаның шарапатын Жамбыл облысындағы үш аудан орталығы айқын сезінуде. Шу ауданының орталығы Төле би ауылына «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2 миллиард 2 миллион теңге қаржы қарастырылып, жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Биыл Шу ауданындағы Төле би ауылында инфрақұрлыммен қамту мәселелерін шешуге жоба аясында қарастырылған қаржының 1 миллиард 418 миллион 689 мың теңгесін игеру меже етіп қойылған. Оның 154 миллион 710 мың теңгесі облыс қазынасынан қарастырылса, қалған бөлігі республикалық бюджеттен бөлініп отыр. Бұл қаржы Тұңғыш-Президенттің тапсырмасына сай көлік, ауыз су және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалуда.

Шу ауданының орталығы саналатын Төле би ауылында 20 мыңнан астам тұрғын бар. Олар үшін көшелердің жарықпен қамтамасыз ету ең өзекті мәселе саналады. Партиялық жоба аясында бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты. Атап айтқанда Төле би ауылындағы 20,6 шақырымды құрайтын 11 көшені жарықтандырылды. Сонымен қатар ұзындығы 22,4 шақырым болатын 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір бұл жұмыстар кестеге сай қолға алынуда.

Аталған жоба аясында М.Әуезов атындағы орта мектебі мен Техникалық шығармашылық орталығының ғимараты, «Әсем» балабақшасының шатырын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар алдағы уақытта Төле би ауылында жергілікті тұрғындардың сұранысына сай «Салтанат сарайы», әмбебап залы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен бірге ауылдағы орталық аудандық аурухана маңынан емхана бой көтереді. Төле би ауылының тұрғындары партиялық жоба аясында өздері көптен күткен түйткілдердің түйіні тарқағанына ризашылық білдіруде. Ал өтпелі құрылыс нысандарындағы жұмыстар жергілікті биліктің жіті назарына алынған.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.