Өркениеттерді тоғыстырған Тараз | arainews.kz

Өркениеттерді тоғыстырған Тараз

593

Ұлы Жібек жолында орналасқан Тараз қаласы (Талас)- б.д.д 40-36 жылдары тарихи-мәдени орталықтардың бірі болып қалыптасқан. Қала алғаш рет Византия деректерінде 568 жылдары қалыптасқан деп көрсетілген. Ал 630 жылдары осы өңірге саяхаттап келген Қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь: «Тараздың аумағы 8-9 ли. Бұл қалада көптеген елдердің саудагерлері аялдап, түрліше заттар əкеліп сатады» деп жазған. Араб саяхатшысы Ибн Хаукальда қаланы дəл осылай: «Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын қаласы» деп суреттейді. Ал, араб тарихшысы әл-Макдиси болса: «Тараз – бақтары мол, тұрғындары тығыз орналасқан үлкен қала» — деген мəліметтер қалдырады. Х ғасырдың ортасында Тараз қаласы Қараханидтер империясының ірі мәдени орталығы болды.

Көне Тараз қаласының тарихи орталығы 3 бөліктен тұрады: цитадель, шахристан және рабад.

Ежелгі Тараз қаласының аумағында XIX ғ. аяғынан бастап жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қыштан жасалған су құбырлары, қоғамдық хамам-моншалар, мыс-қола теңгелер құятын орын, тас төселген көшелер және басқа да құрылыстар табылды.

Тараз еліміздің тарихында зор маңызға ие болуы ХV ғасырдың орта тұсында Қазақ хандығының іргесі қалану кезеңіне тұспа-тұс келеді. Хижраның 870 жылы, 1465-1466 жылдар Қазақ хандығының құрылған кезі болып қабылданған. Мұхаммед Хайдар Дулат өңір Моғолстан хандығының батыс шеті болғандығын айтып, оны Иса Бұға ханның Жәнібек пен Керей сұлтандарға үлеске берілгендігін айтады. Жаңадан қаланған Қазақ хандығына бұл аймақ  өте қолайлы мекен болды. Өзбек ұлысын билеуші Әбілқайыр хан қаза болып, оның құрамындағы қазақ тайпалары Жәнібек пен Керей басқарған хандыққа біржола өте бастайды. Алғашында жаңа хандық өзбек-қазақ елі деп аталады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.