Облыс орталығында кеміргіштермен күрес қарқынды жүруде | arainews.kz

Облыс орталығында кеміргіштермен күрес қарқынды жүруде

152

Облыс орталығы Тараз қаласының тұрғындары көпқабатты үйлердің маңайында егеуқұйрықтардың пайда болғанын айтып, мәселе көтеруде. Осыған орай, қала әкімдігі зиянкес жануарларға қарсы күресті күшейтіп отыр, – деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.

Атап айтқанда, зиянкестерді жою үшін арнайы дезинфекциялық топ құрылған. Ал бұл жұмысқа жергілікті бюджеттен 35 миллион теңге қарастырылған екен. Осыған орай, мемлекеттік сатып алу байқауы өткізіліп, «Гарант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 11 миллион теңгеге келісім шарт жасалған. Аталған мердігер келісімге сәйкес 6 миллион шаршы метр аумақты дәрілеуге міндеттелген.

Осылайша, 23 маусымнан бастап қалада кеміргіштерге қарсы жаппай дәрілеу жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерде дератизация, яғни дәрі себу жұмыстары жүргізілуде.

Қалалық ветеринария бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, бұл шара жылына екі рет жүргізіледі екен. Оны жүзеге асыру мақсатында 4 арнайы топ құрылған. Ал, көпқабатты үйлерде кеміргіштерге қарсы шаралар аяқталған соң, мамандар жеке тұрғын үй секторларына ауысады.

Бүгінде топ-топқа бөлінген санитарлық мамандар арықтар мен қоқыс жиналған аймақтарға у шашып, жеке тұрғын үй иелеріне 200-300 грамм химиялық қоспа таратуда.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.