Мәдениет үйіне Айтбай Назарбековтің есімі берілсе

Мойынқұм ауданын ширек ғасыр бойы басқарған, Бетбақтай байтақ шөлдегі кішкене қазақы ауылдарды біріктіріп, үлкен ауданға айналдырған Айтбай Назарбековті бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Кезінде қазақтың игі жақсылары мен жампоздарының Жамбыл облысына жолы түссе, Мойынқұм ауданына арнайы ат басын бұрып, Айтбай ағамызға сәлем бермей кетпейтінін талай мәрте көз көрді.

Айтбай Назарбеков өте көреген кісі, іскер басшы, адамгершілігі мол азамат еді. Сондықтан шығар, ешкімді ру-руға, жік-жікке бөлмей,сөзіне берік, ісіне адал бола білген арда азаматты шопан атамыз Жазылбек Қуанышбаев іздеп барып, қамқорлығына алып, даланың екі алыбы бірін-бірі көтеріп, қимас бауырлардай күн кешті. Аудандағы осындай ауызбіршілік, ынтымақтың арқасында ер еңбегі еленіп Жазылбек Қуанышбаев екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алса, Айтекең бірнеше ордендер мен медальдарға ие болып, ауданның аты бүкіл Қазақстанға жайылып, Мойынқұмның елі мен жері көпке танылды.
Мойынқұм ауданын Айтекең басқарған жылдардағы салынған кешенді құрылыс нысандары сол кезде республика, Одақтың өзінде санаулы ғана болатын. Арада 35 жыл өтсе де аталмыш ғимараттар әлі күнге дейін сәулеті мен келбетін жоймаған. Сүйегі мықты сондай нысанның бірі – жобасы шет мемлекеттің сәулетшілерімен бірлесе жасалған аудандық мәдениет үйі.
Пендешілік деген қиын ғой, кезінде дәл осы мәдениет үйінің ашылу салтанатында кейбір атқамінерлердің өзі «Қоқайтып, мұндай үлкен ғимаратты салу неге керек?» – деп негізсіз әңгіме таратып, тіпті, жоғарыға да арызданған. Сонда Айтекең «Өздері жұмыс жасамайды, жұмыс жасағанға кедергі келтіретін мұндай «желбуаздар» әр заманда да болған, бола береді де. Бірақ, бұл мәдениет үйі келешек үшін, болашақ ұрпақтың игілігіне жарап, мақтануына тұрарлық, Мойынқұмның бір көркі болады» дейтін. Айтса айтқандай, сол Айтекең салдырған аудандық мәдениет үйінің келбеті мен көркі өзге аудандардағы осындай нысандардан оқ бойы озып, бүгінгі ұрпаққа, жалпақ жұртқа заманға сай сапалы қызмет көрсетуде.
«Жақсы ай мен күндей, әлемге бірдей» дейді халық даналығы. Бұған дейін Айтекеңнің тұрған үйіне мемориалды тақта қойылып, ауылға аты берілген. Ал, бүгінде облыс әкімінің қамқорлығымен қайраткердің ескерткіш-бюсті жасалуда. Халқына еңбегі сіңген мұндай азаматқа жеке бюст жасату өте орынды, қуантарлық іс. Және ол мүсін өзінің маңдай тері төгіліп, еңбегі сіңген ауданның орталығына қойылса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Осы орайда, тағы бір ойды қозғаудың реті келіп тұрғандай. 2012 жылы А.Назарбековтің 90 жылдық мерейтойында, қазақтың біртуар ардақты азаматының есімін осы мәдениет үйіне беру туралы аудан әкімдігі, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері бірауыздан уағдаласқан еді. Алайда, ол кезде мұндай ұсынысқа мораториймен шектеу қойылғандықтан, сол уақыттағы аудан әкімі Сәкен Арубаев бастаған басшылар мәселені кейінге қалдырған болатын. Бүгінде аталған шектеу алынған.
Ендігі мәселе – осыдан алты жыл бұрынғы келісім бойынша Мойынқұм аудандық мәдениет үйіне Айтбай Назарбековтің есімін беру туралы ұсыныс қайта көтерілсе деймін. Сондай-ақ, Айтекеңнің мүсіні өзі кірпішін қалаған осынау зәулім ғимараттың алдына қойылып, өнер ошағы қазақтың дара ұлының есімімен аталса, адамгершілік, адалдық, парасаттылық тұрғысынан алғанда ең әділетті шешім болмақ.

Жапар САТЫЛҒАНОВ,
этнограф-құсбегі,
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.