Мүдделер қақтығысы

Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Уинстон Черчилль «Ұлыбританияның достары жоқ, тек мүдделестері ғана бар» деген ашық мәлімдемесі шын мәнінде әлемдік қауымдастықтың, оның ішінде алпауыт мемлекеттердің сыртқы қарым-қатынастарының шынайы бет-бейнесін ашып бергендей. Расымен де бүгінде әлемге әмірін жүргізіп отырған алпауыт елдердің достығы, интеграциялық байланыстары ең алдымен өз мүдделерін көздеп тұратыны анық байқалады. Дәл бүгінгі ұлттық валютамыз теңге бағамының әлсіреп кетуіне әсер етуші бірнеше маңызды фактордың ең негізгісі де мемлекеттер арасындағы мүдделер қақтығысы, геосаяси ұстанымдар екені айпаса да түсінікті. Тек біз ғана емес, Түркия, Қытай сынды елдердің ұлттық валюталарының құлдырап, экономикасына нұқсан келуі – АҚШ-тың протекционистік және санкциялық саясатының салдары.

Жасыратын несі бар, АҚШ-тың дамушы елдерді санкция арқылы тығырыққа тіреуі отандық валютамызды да шайқалтып жіберді. Әрине, еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің «АҚШ-тың бізге қояр еш кінәсі жоқ. Олар Қазақстан экономикасына қысым көрсетпеуге барынша кепілдік беріп отыр» деуі де бір қарағанда логикаға келеді. Бірақ, АҚШ-тың «Сендерде шаруамыз жоқ» деп қанша жерден ант-су ішкенімен жағдай одан оңалып кетпейді. Ендеше, Қазақстан берік экономикалық әріптестік орнатқан Ресей, Қытай, Түркия елдеріндегі жағдайға зер салып көрсек.

Ресей

Ауық-ауық бас көтеріп тұратын доллар дүрбелеңіне биыл қайта жан біткендей. Әсіресе, кейбір саяси-экономикалық, әскери-тактикалық мәселелерде достастық орната қоймаса да жекелеген ортақ мүддеге ұйысып жүрген АҚШ пен Ресейдің арасынан қара мысық қайта жүгіріп өтті. Әрине, осы қос алыптың текетіресін тереңдеп талдап, тарихты қазбаламай-ақ қояйық. Бірақ, өткен ғасырдың орта тұсынан басталған ғарышты игеру ғылыми жарысы бұл елдердің арасына сол кезден-ақ сызат түсірген-ді. Десек те, «тылсымы көп ғарыш кеңістігін бірлесе зерттемесе болмайды екен» деген ортақ шешімге келген қос тарап осы идея арқылы біраз саяси мәселелерін де реттеп алған болатын. Алайда, осы іспетті жекелеген мүдделерін тоғыстыра алғанымен Хрушевтің туфлиімен үстелді тоқпақтап, ядролық қаруымен мұхиттың арғы бетіндегі әрі қарсылас, әрі әріптесіне доқ көрсетуі америкалықтардың көңілінде әлі күнге қалып қойғандай. Сәлемі түзу болғанымен, бір-біріне деген ниеттері күні бүгінге дейін дұрысталмауы соны аңғартады.
Әрине, ұлттық экономикасында көпвекторлы саясатын нықтап алған АҚШ кез келген қарсылығыңа былқ етер емес. Сирияның сөзін сөйлеуі, Иранға болысуы, Қырымдағы қылығы сынды Ресейдің әскери агррессивті қадамдарын сылтау етіп, АҚШ пен Еуропа елдері түстіктегі көршіміздің экономикасына тұсау салды. Соның салдарынан мұнайы мен газын, әскери техникаларын өткеріп күнелтіп отырған Ресей күннен-күнге рублінің қауқарын жоғалтып барады. Бүгінде рубльдің АҚШ долларына шаққандағы бағамы жыл басынан бері 17,5 пайызға түсіп кетті. Ал, теңге 4,3 пайыз құнын жоғалтып отыр. Осы орайда, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов рубльге қарағанда теңгенің құнын көп жоғалта қоймағанын алға тартып, мемлекеттік бюджетке, оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларға еш қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеп отыр.

Қытай

АҚШ билігіне бизнес элитадан шыққан миллиардер Дональд Трамп келгелі Вашингтонның ұстанымдары тұрақсыздық сипат ала бастағандай. Бірақ, сонау елуінші жылдардан бері Солтүстік Корея басшылығымен бет көріспеген АҚШ билігінің әлемдегі ең жабық елге қатысты тосын қылығы төрткүл дүниенің таңданысын туғызды. Таңдандырып қана қоймай Трамптың Ким Чен Ынмен кездесуге кетәрі емес екенін, әрі ядролық қарусыздануға шақырып, қолдау білдіруі халықаралық қауымдастық тарапынан ғасыр оқиғасына пара-пар бағаланды. Бірақ, өзге елдермен арадағы қатынасы көңіл көншітпей тұр. Мәселен, сауда-экономикалық байланыстағы әріптесі санап келген Қытайды АҚШ қазір өндірістегі «жауы» көре бастады. Өйткені, Қытайдың экономикасын барынша күшейтіп, әлемге ықпалын жүргізе бастауы АҚШ-ты державалық статусынан жақын онжылдықта айыруы әбден мүмкін.
АҚШ пен Қытай арасындағы санкциялық соқтығыстар анау айтқандай күрделі емес. Бірақ, қос елдің Тынық мұхитындағы қауіпсіздік бойынша келісе алмай жатқаны қайткен күнде де стратегиялық мақсаттарына нұқсан келтірмеуі мүмкін емес. Теңіз бетіндегі болмашы ғана шекаралық сызықты сылтауратып, бір-біріне әскери теңіз күштері арқылы қару кезеніп күш көрсеткені бір жағынан «Қорыққан бірінші қол жұмсайды» дегенді сездіргендей. Бұл әрекет бір қырынан күлкілі көрінгенімен, екінші жағынан ойлантатын нәрсе.
Пентагон Қытай әскерилерінің соңғы үш жылда бомбалаушы ұшақтарын сынақтан өткізуді жиілеткенін мәлімдеді. Яғни, олар «Қытай армиясы ҚХР-дан алыс қашықтықтағы нысандарды жою мүмкіндігін жетілдіріп, теңіздің қауіпті аймақтарында АҚШ-тың Тынық мұхитындағы әскери базаларын атқылауды үйрену үшін жаттығу жасап жатыр» дейді.
Өз кезегінде ресми Пекин АҚШ теңіз күштерінің Қытай шекарасына тым жақын орналасып, жаттығу жасап жүргенін айыптап, ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздік жолында бәріне дайынбыз деп отыр.
АҚШ пен Қытай арасы «сауда соғысынан» соң ушығып кеткен. Тараптар тамыздың аяғында Вашингтонда екіжақты қарым-қатынасты талқыламақ.

Түркия

Түркия мен АҚШ дипломатиялық байланысы тым шиеленісіп кетті. Өйткені, Түркия экономикасына қойылған санкцияның кесірінен түрік лирасы қатты зардап шегіп жатыр. Жыл басынан бері Түркияның ұлттық валютасы 70 пайызға құлдырады. Бұл құнсыздану АҚШ-тың Түркиядан импортталатын құрыш металл мен алюминийге қойылған баж салығын көтеріп жіберуінен туындауда. Мұны түрік билігі америкалық әріптестердің арқадан пышақ ұрғаны деп айыптап отыр. Әрине, жағдай дәл осылай мүшкіл халге түспесе де, Түрік Президенті Ердоған сайлау кезінде халқына қорларын ұлттық валютамен жинауға шақырған еді. Бірақ, одан түк шықпады. Осыдан бірнеше күн бұрын түрік белсенділерінің долларды өртеп, бейнеролигін таратуы шиеленіскен ахуалды одан сайын тығырыққа тірейтіні белгілі. Бұл мәселені шешуден гөрі Ердоған мен Трамптың арасына одан сайын от тастағандай көрінді. Бес-алты купюраның күлге айналғанынан АҚШ долларының құны түсіп кетпес әрі Вашингтон дегенінен қайта қоймас. Бұны түрік халқының шарасыздығы деуге ғана болады.
Ендігі кезекте Р.Ердоған әлемді АҚШ-қа қарсы қарым-қатынас орнатуға шақырып жатыр. Яғни, АҚШ-тың электроникалық тауарларынан жаппай бас тарту арқылы американдықтардың өзіне қарсы соққы беруге болатын механизмді қолданып көрмекші. Дегенмен, халықаралық сарапшылар Түркияның бұл жалғыз жүрісінен ешқандай нәтиже шықпайтынын айтуда. Сондықтан, Қытай, Ресей, Иран сияқты Трампқа тісін қайрап отырған алпауыттар біріксе ғана іс өнетінін алға тартып бағуда. Дегенмен, Түркия мен АҚШ-тың қандай да бір келісімге келу нүктесі өтіп кеткен сияқты. Ал, санкциялық соғыстың құрбаны болған өзге елдердің жағдайды әлі де келісімдер арқылы реттеуге мүмкіндіктері бар. Мәселен, Путин АҚШ-тың қас-қабағына қарап отырған Ангела Меркельмен маңызды мәселелерді талқылауға дайындалып жатыр.

Түйін
Қалай болған күнде де бір ғана долларымен әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған АҚШ-тың әрекеті біраз дамушы елдерді шикізаттық бағыттағы экономикадан арылуға итермелеп жатқан сияқты. Өйткені, қойылып жатқан санкциялар негізінен энергетика, металл өндірісі салаларымен тығыз байланысты. Ал, доллар бағамы құбылғанымен еліміздің қара алтыны мұнайдың бағасында аса ауытқушылық жоқ. Сондықтан, әзірге ұлттық экономикамызда алаңдайтын қауіп жоқ. Ұлттық банк девальвацияның болатынына да еш негіз жоқ деген ұстанымда. Не де болса, алда болатын келісімдердің қайырын күтуге тура келіп тұр.

Жасұлан Сейілхан

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.