Қайрат Қожамжаров дзюдо федерациясының президенті болды

59

Бүгін Астанададағы «Hilton Astana» қонақ үйінде Қазақстан Республикасы Дзюдо федерациясының президентін сайлау мақсатында кезектен тыс конференция өтті.

Отырысты басқарған Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының төрағасы Данияр Әбілғазин 2017 жылдың 4 қаңтарында Дзюдо федерациясының президенті болған Кеңес Рақышевтың өкілеттігі аяқталғанын, содан бері осы лауазымның орны бос болғанын атап өтті.

Сондай-ақ, 2017 жылдың 3 желтоқсанында кезектен тыс Конференция шешімімен федерацияның бас хатшысы Самат Жылқыбаевтың уақытша басқару қызметін атқарып келгенін, бүгінгі таңда бұл лауазымға Қайрат Қожамжаровтың кандидатурасы ұсынылғанын жеткізді.

«Федерация президентінің лауазымына Қайрат Қожамжаровтың кандидатурасы ұсынылды. Қайрат Пернешұлы — жоғары басқару тәжірибесі бар мемлекет қайраткері және бүгінде Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметін атқарады», — деді ол.

Осы орайда, конференция мүшелері Қазақстан дзюдо федерациясының президенті ретінде бірауыздан Қайрат Қожамжаровқа дауыс берді.

Осы орайда Қожамжаров сенім артқан мүшелерге алғысын жеткізіп, «Уақыт өте көп емес. Бірақ та бұл жауапты мәселе. Елбасы өзінің келісімін берді. Біз үшін спорт — Қазақстанның намысы, мақтанышы», — деп атап өтті.

Конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының төрағасы Данияр Әбілғазин, ҚР Дзюдо федерациясының даму жөніндегі директоры Асхат Жіткеев, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Әлем чемпионы Елдос Сметов, дзюдодан Әлем чемпионы Максим Раков, Әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Азамат Мұқанов, дзюдодан ҚР ұлттық құраманың бас бапкері Айдын Смағұлов қатысты.


inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.