Қасиетті мерекемен құттықтады | arainews.kz

Қасиетті мерекемен құттықтады

155

Исі мұсылман қауымы үшін Құрбан айттың орны бөлек. Сондықтан да жақсылыққа жаны құмар жамағат қасиетті мерекеге бар ықыласымен дайындалады. Оған облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде оқылған айт намазына жұртшылықтың көп жиналғанын көріп, тағы бір мәрте көз жеткізе түскендей болдық. Алланың үйінде құлшылық жасаудың сауабы мол екенін жақсы түсінетін көпшілік бірін-бірі айтулы мерекемен құттықтап, алғаусыз ниетін білдіріп жатты.
Жамағат әуелі Құранға қол жайып, артынша «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаевтың уағызын тыңдады.
Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков айт намазына жиналған қауымның алдында құттықтау сөз сөйлеп, қасиетті Құрбан айт мерекесінің мән-маңызына тоқталды. Алланың разылығы үшін құрбан шалудың қоғамға тигізер пайдасының зор екенін атап өтті.
– Қадірлі жамағат! Құрметті жамбылдықтар! Міне, тағы бір қасиетті Құрбан айтта Аллаға мінәжат етіп, ұлық күнді атап өту үшін басымыз қосылып отыр. Бұл мерекенің мәні ізгілік пен тағылымға толы болуында. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміздің экономикасы өркендеп, табысымыз артып келеді. Әлеуметтік салада да қол жеткізген табысымыз ұшан-теңіз. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында да жүзеге асырылып жатқан игі шаралар ел мерейін өсіруде. Аймақ басшысының іскерлік қырының арқасында өңірімізде қомақты істер жүзеге асып, халық қуанышқа бөленуде. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан сіздерді Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Әр отбасыға береке, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Құрбан айт құтты болсын, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Мешітте айт намазы оқылған соң облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан құрбандыққа мүйізді ірі қара шалынды. Өзге де жекелеген азаматтар Алла Тағаланың разылығына кенелу үшін құрбандыққа уақ мал шалып, жұртшылықтың алғысын арқалады.
Осы күні құлшылық жасау үшін келген көпшілік мешіт медресесінің ауласында жайылған айт дастарханынан дәм татып, қазақ күресі, кір тасын көтеру, арқан тарту, қол күрес, асық ату, ләңгі секілді ұлттық ойындарды тамашалады. Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар облыстық мешіт әкімшілігі атынан дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұрым Сырғабаев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.