Қалаға қоныс аударатын ауыл халқының саны артып келеді | arainews.kz

Қалаға қоныс аударатын ауыл халқының саны артып келеді

164

Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында 44 мың адам ауылдан қалаға қоныс аударды. Бұл туралы бүгін Astana Agroforum-2018 республикалық кеңесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов айтты.

«Бүгінде ауылдардағы ахуал мынадай болып отыр. 2017 жылы 49 795 адам ауылдан кетті. Бұл бүгінгі күннің ресми статистикалық дерегі. 2016 жылдың ішінде ауылдан кеткен адамдардың саны 84 мыңға жетті. Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығының ішінде 44 мың адам қалаға қоныс аударды. Ауыл мектебін бітіретін түлектер арасында «ауыл өмірінің келешегі жоқ» деген түсінік басым. Оларды қалалар қызықтырады. Бірақ, ол жақта ешкім де күтіп тұрған жоқ. Бұл түсініктен арылту үшін ауыл өмірін қаладан кем қылмайтындай жүйелі әрі салааралық әдіс керек. Өкінішке орай, жастар бүгінде жаңа әрі прогрессивті отандық ауыл шаруашылығының шынайы өсім нүктесін көрмей отыр», — деді ол жиында «Ауыл — ел бесігі» жобасын таныстыра келе.

С.Қалқамановтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің беделі мен әлеуметтік мәртбесін арттыруға ниет етіп отыр. Осыған орай «Рухани жаңғыру» аясында «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасының жарғысы әзірленген.

«Қазіргі уақытта оқушыларды отаншылдыққа тәрбиелеу, фильмдер мен сериалдар түсіру, ауыл жетекшілері мен жұмысшыларын қайта дайындықтан өткізу, идеяларды ілгерілетуде БАҚ-пен жұмыс істеу сияқты түрлі 60 шара жоспарланып отыр», — деді министрдің кеңесшісі.

Еске сала кетсек, Елбасы Жолдауында «Ауыл — ел бесігі» атты жоба ұсынылған болатын.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.