Қадаға мен қауіпсіздік күшейе түсті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында құқық саласына айрықша көңіл бөле келе, бірқатар мамандық иелерінің жұмысына көңіл бөлу қажеттігін баса айтқан болатын. Соның бірі – төтенше жағдайлар саласының салалық бағыттары. Осыған орай Жамбыл облысы Шу ауданында сала мамандарын қолдау мақсатында жаңа бекет ашылды.

Нақтырақ айтсақ, Шу ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 15 шілдедегі №340 жарлығына сәйкес елді мекендегі ең шалғай аймақта орналасқан Шоқпар ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру бекеті құрылды. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Данияр Жанқұлиев, Шоқпар ауылдық округінің әкімі Рашид Шоңбаев, Шоқпар ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Құттыбай Шалбаев, еңбек ардагері Төлеухан Шаймерденов және тағы басқалары қатысып, ауылдықтарды қуаныштарымен құттықтап, өрт сөндіру бекеті қызметкерлеріне табыс тіледі.

Атап өтерлігі, округ әкімі бекетке бөлек жеке ғимарат берген, онда кезекші құрам отырады. Ал оның қасында Шу жол дистансасы ықпалымен тағы қосымша орын орналасқан, ішінен Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі тарапынан бөлінген өрт сөндіру көліктерін көруге болады. Бекет персоналы жеті штатты бірліктен тұрады: 4 өрт сөндіруші, 3 көлік жүргізуші. Оны күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен биыл 2 миллион 188 мың теңге бөлінген.

Салтанатты шара барысында, Төле би ауылындағы №19 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жаңа бекеттің өрт сөндірушілерімен бірге практикалық жаттығулар жасады.

Жаңа бекеттің ашылуы соңғы уақыттағы жағымды жаңалық болды. Сонымен қатар, оның Шоқпар ауылдық округі үшін маңызы ерекше. Себебі, өрт шарпу жағдайы мұнда көп кездеседі. Енді аталмыш округ өртпен уақтылы күресе алады деп сенімді айтуға болады.

Осындай өрт сөндіру бекеттері алдағы уақытта өзге аудандардан да ашылады дегенге сенім мол. Себебі Шу ауданынан бөлек, іргелес жатқан Мойынқұм ауданында да тілсіз жау мәселесі талай жылдан бері қос бүйірден қысып, сала мамандарын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыруда. Сондықтан көршілес аудандарда шулықтардан үлгі алса екен дейміз.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.