Ғасырлар сырын жасырған Ақыртас | arainews.kz

Ғасырлар сырын жасырған Ақыртас

268

Ақыртас құрылысы туралы алғашқы мәліметтермен әлем тарихшылары сүйенетін басты дерек көздері қытай қолжазбаларында кездеседі. 13 ғасырдың басында Чин-Чунеленің Ақыртас туралы мәліметінде: “Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады” деп жазады.
1864 жылы М.С.Знаменский алғаш салған суреті сол кезеңдегі құрылыстың толық келбетін, тау етегіндегі жазық жердің төсінде шашылып жатқан тас блоктарды және текшеленіп қаланған ірге тастардың жанындағы адамдарды тамаша кескіндеп берді. Міне содан бері жүз жылдан астам уақыт бойы Ақыртас құрылысының өткен тарихына, ғайып болған заманға саяхаттауға ғалымдардың, шетелдік мамандардың, әуесқой зерттеушілердің қызығушылығы толастаған емес. Ғылым академиясының алғашқы толқын зерттеушілері П.И.Лерх, В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, Т.Қ.Басеновтың ізденістері мен жаңалықтары, даналық тұжырымдары мен адасулары ғылыми ортаны осы уақытқа дейін толғандыруда.

Несториан немесе будда монастыры деген пікірлердің бет-бейнесін өзгертіп жоққа шығаратын 1996 жылғы зерттеулер барысындағы көп колонналы болып салынбақшы болған мешіт орнының табылуы, зерттеушілердің ізденістерін Ақыртас құрылысының шынайы келбетін ашып көрсететін мол тақырыппен байытты. Кең жазира киелі даламызға ислам дінінің 8 ғасырдың ортасынан бастап ене бастағанын негізге ала отырып, бұл құрылыстың сол дәуірдің туындысы екендігіне көз жеткізуге болатынын ғалымдарымыз растайды. 6-8 ғасырлардағы Тараз ыдыстарына тән қыш құмыралар сынығының Ақыртастан табылуы да құрылыстың салыну уақытын анықтауға жағдай тудырды.

Т.Қ.Басенов Ақыртас құрылысын 8-9 ғасырлардағы қамал-сарай деген болатын. Жоқ бұл ежелгі Касрибас қаласы, енді біреулері бұл керуен-сарай деп болжам айтқандар да болды. Академик К.М.Байпақов болса Ақыртасты 8 ғасырдың ортасындағы қарлұқ билеушілерінің резиденциясы деген тоқтамға келіп отыр.

Бұл құпиясы мол алып құрылысты сумен қамтамасыз ету үшін 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан тау шатқалындағы бұлақтардан, ұзындығы 50-60 см болатын қыш-құбырлар тізбегі тартылған. Осы күрделі жүйе арқылы аққан су хауздарға, тұрғын үйлерге жеткізілген. Көлемі 162-138,5 шаршы метр болатын құрылысқа қажетті өңделген тастар жанындағы биіктерге шығарылып, сол жерден керегінше алынып отырған.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.