Даңқты батырдың мерейтойын атап өтті | arainews.kz

Даңқты батырдың мерейтойын атап өтті

112

Шу ауданының жұртшылығы Кеңес одағының Батыры, пулеметші жерлестері Саттар Естемесовтың туғанына 100 жыл толу мерекесін думандатып өткізді. Батыр құрметіне арналған шаралардың бел ортасынан Алматы, Жамбыл облысы мен Тараз қаласынан арнайы қонақтар табылды.

Шу ауданының Көкқайнар ауылында дүниеге келген Саттар соғысқа өзі сұранып, алғашқылардың бірі болып майдан шебіне аттанған жаужүрек жауынгер. Ол Смоленск облысын азат ету шайқасына қатысып, 24 жасында ерлікпен қаза табады. Қиян-кескі шайқастағы ерен ерлігі ескерусіз қалмай Кеңес Одағының Батыры атанды.

Батыр жерлестерінің ғасырлық тойын шулықтар барынша сән салтанатпен өткізді. Салтанатты шаралар легі Көкқайнар ауылдық Мәдениет үйі мен батыр атындағы мектептегі кеудемүсінге гүл қою рәсімінен басталды. Мұнан кейін мерейтой қонақтары Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағындағы Саттар Естемесовтың ескерткіші маңында оның құрметіне бір минуттық үнсіздік жариялады. Мектеп оқушылары батырға арналған жырдан шашу шашты. Келесі сәтте Дәрмен Смайыл редакторлық етуімен жарық көрген «Ел үшін туған Ер Саттар» кітабының тұсауы кесілді. Бұл рәсімге қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы, ауданның бір топ құрметті азаматтары қатысты.

Ал орталық алаңда өткен арнайы жиында аудан әкімі Жарылқасын Айтақов, қоғам қайраткері О.Асанғазы, журналист Д.Смайыл,қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Қ.Қарғабаевтар сөз сөйледі. Өз сөздерінде спикерлер бұл шараның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткенді тану, өлкеден шыққан тұлғаларды тануға дәріптейтін «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалаларымен үндес екенін атап өтті. Одан соң аймақ басшысы бір топ азаматтарға «Саттар Естемесов-100 жыл» медалін табыстады.

Түс ауа батырдың құрметіне арнайы ас беріліп, Құран бағышталды. Сондай-ақ, дәл осы шара шеңберінде Саттар Естемесовтің аты берілген атшабардың тұсауы кесіліп, көпшілік аламан, құнан және тай бәйгелерін тамашалады. Бозбілемде балуандар белдесіп, өзара кім мықтыны анықтады. Аудандық Мәдениет үйінде айтыс ақындары сөз сайысына түсті. Тіпті бұл айтысқа қырғыз ақындарының қатысуын көпшілік шулық батырдың абыройы Алатаудан ары асқандығымен байланыстырып жатты.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.