Дала өрті дендеп тұр | arainews.kz

Дала өрті дендеп тұр

227

Ала жаздай облыстың төтенше жағдай саласының қызметкерлері дала және орман өртімен арпалысып келеді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, биылғы өрт оқиғалары былтырғы осы есепті кезеңмен салыстырғанда 9 есеге артып отыр. Бірін сөндірсе, екіншісі тұтанып кетіп жатқан тілсіз жау қазір сала қызметкерлеріне тыным бермей тұр.
– Былтыр осы есепті кезеңде небәрі 4 оқиға болса, биыл облыста 101 820 гектар алқапты жалмаған 19 дала және орман алқаптарының өртену оқиғасы тіркелді. Оның шығыны да былтырғымен салыстырғанда 48 пайызға артық, яғни, 13 миллион 881 мың теңгені құрады. Оттың тұтануына көбіне найзағайдың жерге түсуі мен тұрғындардың отты қолдану кезіндегі абайсыздығының салдары себеп болып отыр. Ал, бір өрт оқиғасы орман пайдаланушының қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан орын алып отыр, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Мақсат Әкімбаев.
Жақында ғана 27 000 гектар аумақты күлге айналдырған Меркідегі өрт ошағы мен Шу ауданының 54 000 гектар жерін тып-типыл қылған тілсіз жаумен күресіп келген өртке қарсы қызмет сақшылары дәл қазір Т.Рысқұлов ауданының Қырғыз Республикасымен шекаралас Қайыңдысай деген жерінде 5-тамызда шекарадан өткен өртті өршітпеу үшін бірнеше күннен бері барын салуда.
Әрине, өрт көршіден келген деген ақпараттың да жаны бар. Қырғызстандық «АКИ-пресс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Талас облысы, Манас ауданының Алмалы тау шатқалында тұтанған өртпен олар да әлі күресіп жатыр. Бұған дейінгі мәліметке сүйенсек, бұл өрт Алмалы тауының Қазақстанмен шекаралас аумағында 28 шілдеде басталған екен. Тілсіз жау қырғыз ағайындардың 2 000 гектардан астам жерін отқа орағандықтан әрі өршіп бара жатқандықтан облыста 1 тамыз күні төтенше жағдай жарияланып, оқиға орнына төтенше жағдайлар вице-министрі К.Ахматов арнайы келген.
Әзірге нақты материалдық шығыны анықтала қоймағанымен, Ақыртас маңындағы бұл оқиға бір адамның өмірін жалмап әкетті. «Ақыртөбе» орман шаруашылығының 1972 жылы туған А.Алтаев есімді орманшысы өрт сөндіру барысында бес метрлік биіктіктен құлап, оқиға орнында көз жұмған.
Дала өрттері шаруалардың да мазасын ала бастады. Биылға үш дала өрті тіркеліпті. Т.Рысқұлов ауданында алқапты жылан жалағандай жалмап өткен өрттің шығыны анықталыпты. 250 000 гектарды өртке орандырған тілсіз жау жиналған жоңышқа мен тал-дарақтардың түгін қалдырмаған. Меркі ауданында 9 гектар бидай алқабы жанып кетсе, үшінші оқиғадан келген залал көлемі әлі нақтылануда. Абырой болғанда мал шығыны жоқ.
– Орман өрттерінің 12-сі шілде айында орын алды. Осы орман өрттерін сөндіруге 812 адам, 164 бірлік техника қатысты. Оның ішінде, төтенше жағдайлар қызметінен – 181 адам, 17 техника, орман шаруашылығы мекемелерінен – 462 адам, 103 техника, аудан әкімдіктерінің ерікті өртке қарсы құрылымдарынан 169 адам, 44 техника жұмылдырылды, – деген М.Әкімбаев тұрғындар от қолдануда барынша абай болса екен дейді.
Департамент өрт қауіпсіздігін сақтау, алдын алу бойынша түсіндіру, ақпараттандыру шараларын қаншалықты қолға алғанымен даланың берекесін кетірген өрт оқиғалары азаймай тұр. Табиғаттың тылсым күші найзағайға қарсы ешнәрсе дей алмайтынымыз анық, алайда, адамдардың от қолдану кезіндегі бір сәттік салғырттығының соңы алапат шығынға айналуда. Сондықтан, облыс тұрғындарынан қауіпсіздікті барынша сақтап, отпен ойнамауға шақырамыз.

Жасұлан Сейілханов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.