Басшы айтты, баға арзандады | arainews.kz

Басшы айтты, баға арзандады

Аймақта табиғи газды үйге кіргізу құны 82 756 теңге болып бекітілді

336

2018-2025 жылдар аралығында өңірімізде 173 елді мекенді газдандыру жоспарға еніпті. Бұл, әрине, қуанышты жаңалық. Дейтұрғанмен, аймақта бұған дейін газдандырылған кейбір елді мекендерде тұрғындардың көгілдір отынды үйіне кіргізе алмай отырғаны ащы да болса шындық. Себеп – біреу, қосу қызметінің құны қымбат. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші тұрғындарды толғандырған түйткіл облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің арнайы тапсырмасынан кейін оң шешімін тапты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Облыстағы тұрғындар саны 1 111,567 адам. Соның ішінде 806 070-ы көгілдір отынның қызығын көруде. Дейтұрғанмен, газ құбыры тартылған елді мекендерде 88 мыңнан аса адам газ торабына қосыла алмаған. Себебі, көшеден үйге кіргізу құны тым қымбат. Ең арзаны – 150 мың теңге. Бұл мәселені шешу үшін Тараз қаласындағы «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына арнайы лицензия әперіліп, жұмыстың құны біршама төмендетілді. Ендігі жерде 1 желтоқсанға дейін осындай жолмен 53 мың тұрғын үйіне газ кіргізу мүмкіндігіне ие болып отыр. Ал, қалған 35 мың тұрғынды көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін қажетті жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр, – делінген хабарламада.
Осы орайда, біз облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрбай Тілегеновке жолығып, мән-жайға қанықтық. Ол облыста 377 елді мекен бар болса, бүгінде оның 181-інің газбен қамтылғанын, аталған ауылдардың 133-іне көгілдір отынның соңғы 10 жылда кіргізілгенін айтты.
– Былтырдың өзінде облыстық бюджеттен 525 миллион теңге бөлініп, сегіз жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Оның ішінде Байзақ, Жамбыл, Шу, Талас, Сарысу, Жуалы аудандарының 84 елді мекенін газдандыру жоспарланған. Жобалар құрылысы іске асырылғанда газдандырылған елді мекен саны 265-ті құрап, 70 пайыз деңгейге жетпек.
2018-2025 жылдары газдандырылатын 173 елді мекенді қосқанда газ тартылған елді мекеннің саны – 354-ті құрамақ. Қазір Қордай ауданының 12 елді мекенін газдандыру құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ал, газ тартылған елді мекендердегі орталықтандырылған газ торабына қосылмаған тұрғындардың мәселесін шешу мақсатында жоспарлы жұмыстардың бірінші кезеңі басталып кетті. Аталмыш жұмыстарды атқаруға «Жамбыл-Жылу», «ТаразТрансЭнерго», «Теміржол-Жылу» мекемелері жұмылдырылды. Осылайша, бір үйге газ кіргізуге кететін шығын 82 756 теңге болып белгіленді. Жақын арада «Жамбыл-Жылу» кәсіпорны Байзақ, Жамбыл аудандарында, «Теміржол-Жылу» мекемесі Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында газдандыру жұмыстарын бастайды деп күтілуде, – дейді Нұрбай Мейрамбекұлы.
«Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысының орынбасары Бөріхан Ниязқұловтың айтуынша, бүгінде тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Ол Жамбыл, Байзақ аудандарындағы әр ауылдық округтерді аралап, жұртшылықпен кездесу өткізгенін, нәтижесінде арзандатылған бағамен газ кіргізуге тұрғындардың ынталы болып отырғанын тілге тиек етті.
Бір айта кетерлігі, Байзақ ауданындағы 22 елді мекенге газ тартылғанымен, мұнда 5 мың 25 адам үйіне көгілдір отын кіргізбегендердің санатында. Соның бірі – Сарыкемер ауылының тұрғыны Қабыланбек Жұмашев. Ол осындай қолдау көрсеткен облыс басшылығына өз ризашылығын білдірді.
– Аудан орталығының өзінде уақытында қаржы қолбайлау болып, үйіне газ кіргізе алмай қалған мен секілді бірлі-жарым бірнеше тұрғын бар. «Жамбыл-Жылу» мекемесінің мамандары келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін біраз жайтқа қанықтық. Бұрын-соңды болмаған мұндай арзан баға көңілімізді көтеріп тастады. Бір түсінгенім, бұған дейін тұрғындар көшеден үйіне дейін газ тарту үшін 25 метрге 148 мың 360 теңге төлеуі тиіс болса, қазір ол 82 мың 756 теңге. Арақашықтық 25 метрден аз болса, төлейтін ақымыз да соған қарай арзандатылады екен. Ендігі мақсат – «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының аудандық филиалынан үйге газ кіргізу жөнінде рұқсат қағаз алып, іске кірісу, – дейді ол.
Бұған дейінгі бағаның қымбаттығынан қолы қысқарып отырған тұрғындар енді осы жобаның арқасында ел қатарлы көгілдір отынның қызығын көретіні анық. Бұл шарапатты айналасы 5-6 жылда барлық өңір тұрғындарының сезінетініне сеніміміз мол.

Нұрым Сырғабаев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.