Әскерилер Шекара академиясына түсу шарттарын түсіндірді

Елімізде Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара Академиясына немесе Ресей Федерациясының жоғарғы әскери оқу орындарына оқуға түсуге ниет білдірген үміткерлерді іріктеу жүруде. Осыған орай Меркі ауданындағы 2093 әскери бөлімі командирінің орынбасары, тәрбие жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Сапарғали Түймебеков пен әскери бөлімдегі кадр бөлімінің басшысы, майор Ғабит Иманбеков Шу ауданында болды.

Әскери қызметкерлер әуелі аудан орталығындағы М.Мақатаев атындағы мектепте жиын өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Оған Төле би ауылындағы Е.Бекмаханов, М.Әуезов, М.Мақатаев, С.Шакиров және Алға мен Абай атындағы мектептің 11 сынып оқушылары қатысты. Басқосу барысында С.Түймебеков оқушыларға әскери оқудың тиімділігі мен артықшылықтары туралы баяндап берді. Сонымен бірге еліміздегі шекара қызметінің жауапты жұмысы да сөз болды.

Меркі ауданындағы әскери бөлімнен келген қызметкерлер Алматы қаласындағы ҰҚК Шекара Академиясына түсуге ниет білдірген оқушылармен сөйлесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Әсіресе, оқу ордасының білім алушыларына ай сайын берілетін шәкіртақы мен оқуды аяқтағаннан кейінгі жұмыспен қамту төңірегіндегі мәселелер оқушылардың қызығушылығын тудырды.

Айта кету керек, Академияны тәмамдаған соң түлектерге жолдама беріліп, жұмысқа орналастырылады. Сонымен қатар, әскери оқуды аяқтаған түлектер тұрғын үй мәселесіне де бас қатырмайды. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің ең негізгісі де сол – әскери қызметкерлер тұрғын үйге қажетті қаражатпен қамтылады. Жиын барысында дәл осы оқу орнына түсуге ниет білдірушілер де табылды. Оларға әскери оқуға түсудің талаптары түсіндіріліп, сауалдарына жауап берілді. Сонымен қатар, дәл осындай басқосу Шу қаласындағы «Жібек жолы» мектеп-лицейінде де ұйымдастырылды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.