«Анама мәңгілік қарыздармын»

Ес білгелі анамның мен үшін жасаған қарекеттерін есіме алсам, мақала түгілі бір кітапқа да сыйғыза алмаспын. Әкеміз мемлекеттік қызметте болған соң, анамыздың қамқорлығы мен тәрбиесін жете сезініп келемін. Бір-бірімізге тетелес өскен үш ұл мен екі қарындасымды бағып-қаққан анам ауылдағы ағайындарымыздың студент ұл-қыздарын да қамқорлық құшағына басудан жалыққан емес. Оған күнделікті үйден үзілмейтін туыстар мен қонақтарды қосыңыз. Әдетте, бұл кезде бәріміз дастархан басынан табыламыз. Анамыз меймандардың үлкені бата бергеннен кейін, біздің тілегімізді де тыңдағанды жақсы көреді. Бала күнде не айтарымызды білмей тосылып қалатын біз келе-келе тілек айтуға да төселдік.
Анам қандай еркелік жасасақ та, бізге әрдайым кешіріммен қарады. Бірде бауырым Думан екеуміз аулада футбол қақпасын жасап, доп теуіп жатқанбыз. Аладоп қайта-қайта қақпадан шығып, алыстап кете берген соң, «Тор ілу керек» деген тоқтамға келдік. Содан қонақ бөлмедегі терезенің пердесін шешіп, қақпаға әдемілеп іліп қойдық. Ойынның қызығына батқан бізді көрген туыс әпкеміз «Осылай мүлікті бүлдіруге бола ма, қазір аналарың көрсе не дейді?» деп қатты ренжіді. Сол кезде барып біз не «бүлдіргенімізді» шын түсінгендей болдық. Жұмыстан келе сала маңдайымыздан құшырлана иіскеп, еміреніп жатқан анамызға «Анашым, кешіріңізші, біз бірдеңе бүлдіріп қойдық» дедік салған жерден. Алғашында абдырап қалған анам әңгіменің жай-жапсарын білген соң күлімсіреп «Е-е, жарайды, мен басқа бірнәрсе болып қалды ма деп қорқып кеттім ғой. Енді бұл ойыннан бір нәтиже шығарсаңдар болыпты», – дегені. Әлі күнге дейін анамның осы мейірімділігі біздің үлкен спортқа баруымызға жол ашқан оқиға болды ма деп ойлаймын. Думан да, мен де осы жағдайдан соң футболмен шындап айналысып, едәуір жетістіктерге де жеткендейміз. Кейін отбасылық отырыстарда осы оқиғаны айтып, талай мәрте күлдік.
Қазір албырт балалық шақтың белесінен өтіп, алыс сапарларға жиі шығып жүргендіктен, анамды қатты сағынамын. Әсіресе, Қытай мемлекетінің ұлттық құрамасымен өткен жолдастық кездесу кезінде ауыр жарақат алғанымда едәуір қиналдым. Қытайдың Далянь қаласында ота жасатқаннан кейін, пышақтың орны қанша сыздатып тұрса да, телефон шалған анама сездірмеуге тырыстым. Бірақ, ана жүрегін алдай алмайды екенсің. Кейін мені Италияның Рим қаласындағы клиникаға ауыстырған кезде де айтпай сонда іздеп келді. Алғаш палатаға кіріп келгенде орнымнан қалай атып тұрғанымды байқамай қалдым. Әлемде ғажайып оқиғалардың болатындығына бұрын сенбейтінмін. Бірақ, анам келген күні балдағымды тастап, өз еркіммен жүріп кеткеніме таңғалдым. Ана жүрегінің құдіреті деген осы болар.

Ұлан ҚОНЫСБАЕВ,
«Ақтөбе» футбол клубының ойыншысы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.