Америкалық еріктілер ауыл балаларына ағылшын тілін үйретіп жүр

72

Америкалық ерікті Мириам Гринфилд Қарағанды облысы, Нұра ауданының №3 Киевка орта мектебінің оқушыларына 1 айдан бері ағылшын тілін үйретіп келеді. Қазақстанға келгеніне көп болмаса да, ауыл тұрғындарымен достасып, оқушылардың сүйікті мұғаліміне айналып үлгерген.

Биыл алғаш рет жүзеге асқан «English for Jastar» жобасы бойынша 9 шетелдік және 146 қазақстандық ерікті еліміздің мектеп оқушыларына ағылшын тілін үйретіп, сөйлеу дағдыларын дамыту үшін 2 айға шалғай ауылдарға аттанған. Соның бірі — Американың Нью-Йорк қаласынан келген Мириам.

Мириам балаларға тек сабақ үйретіп қана қоймай, ауылдың қайнаған тіршілігіне белсене араласып жүр. Ауыл тұрғындары да оны жиі отбасылық мерекелерге, тойға, балық аулауға, экскурсияларға шақырып тұрады. Айта кету керек, ол әлеуметтік желіде де өте белсенді, ауылда өткен әр күнімен интернет парақшасында достарымен бөлісіп тұрады. Сондай-ақ, ол бос уақытын жергілікті жаттығу залында йога жаттықтырушысы ретінде өткізеді.

Мириам әсіресе қазақстандық оқушылардың тәртібіне дән риза.

«Оқушыларым керемет. Өте тәрбиелі, білімге құштар, сабақты мұқият тыңдап, көп нәрсе үйренуге тырысады. Күнде таңертеңнен кешке дейін жүздеген бала құшақтап, рахметін айтады. Мен үшін ең үлкен жетістік — осы. Ауыл тұрғындары ақжарқын, ашық, өте қонақжай. Келесі жылы да келуге қарсы емеспін», — дейді Мириам.

Сондай-ақ еріктілер қатарында Гарвард университетінің студенті Кеннет Палмер де бар. Ол қазір Қарағанды облысының Осакаровка ауданында оқушыларға ағылшын тілін тегін үйретіп жүр. Одан өзге еріктілер еліміздің Түркістан, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Алматы облыстарының ауылдарына аттанған.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.