Ақтөбе қалашығының Баласағұнмен байланысы болуы мүмкін

Шу ауданының Ақтөбе ауылы маңындағы Ақсу өзенінің жағасында орналасқан Ақтөбе қалашығы 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне алынса, 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандардың тізіміне енді.

Жалпы Шу өңірі ежелгі дәуірден адамзат баласы үшін отырықшы шаруашылық пен қала мәдениеті жақсы дамыған аймақ ретінде танымал. Тарих ғылымы үшін аталған аудандағы ірілі ұсақты қалалар белгілі. Соның бірі Ақтөбе қалашығы. Орта Азиядағы қала салу мәдениетіне сай үш бөліктен тұратын Ақтөбе қалашығын ұзындығы 25 шақырым болатын 4 қатардан тұратын қабырғалар қоршайды. Бұл қабырғалар қамал қызметін атқарды. Орта ғасырдағы қала мәдениетін зерттеушілер Ақтөбе қалашығын Батыс Түрік қағанатының астанасы ретінде танылған Баласағұн қаласының орны деген тұжырым жасайды

Баласағұн қаласының орналасқан жері жайында әл-Хорезми, әл-Бируни, әл-Мағдиси, Махмуд Қашғари сынды араб, түрік ғалымдарының еңбектерінде баяндалады. Аталған жазба деректерге сүйеніп, отандық тарихшылар Ақтөбе қалашығы Орта Азияға аты мәжһүр Жүсіп Баласағұнның кіндік қаны тамған Баласағұн қаласы болуы мүмкін деген тұжырымды нақтылай түседі. Оған қоса ел аузында осы қалашықтың тарихы баяндалатын алтын тәжді айдаһарға, қасиетті ләйлек құстарға, ақ түйеге, су құбыры мен жер асты жолына қатысты аңыз – әңгімелер де айтылады. Ақтөбеге қатысты айтылатын аңыздардың бірінде бұл қалашықты өз дәуірінде ғұлама ғалым билепті. Шартарапты аралап, ғылымның түрлі салаларын жетік меңгерген билеуші кезекті бір сапарынан орала сала ұсталарға қаладан мешіт, монша кітапхана салуға лайықты орын іздеуді бұйырыпты.Кейіннен ұсталардың таңдауымен хан сарайының әр қиырынан салынған бұл орындар сол дәуірдегі қағанаттағы кітап қоры ең бай кітапхана, ең үлкен мешіт және монша болған көрінеді.

ХІХ ғасырдың соңынан белгілі ресейлік шығыстанушылар жүргізіліп келе жатқан ғылыми зерттеу жұмыстары нәтижесінде Ақтөбе қалашығының ҮІ-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүргені анықталды. Археологтар әлгі аңызда айтылатын монша орнымен бірге қамалдар, мұнаралар, салтанатты сарайлар кешені, қақпа, шеберхана сынды ескі құрылыстың қалдықтарын ашып алды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.