А. Қарабалаев №2 округ тұрғындарының алдында есеп берді

Бүгін Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев 2019 жылдың қорытындысы бойынша №2 аумақтық округ тұрғындары алдында есеп берді. Баяндамасында шаһар басшысы өткен жылы округте атқарылған жұмыстарға тоқталып, тұрғындар сұрақтарына жауап берді.

Есебінде Айтқазы Дәулетқұлұлы әуелі облыс орталығының экономикалық дамуы жайында баяндады.

– Экономика саласының негізгі көрсеткіштерінің бірі өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылы 275 млрд. 280,2 млн. теңгені немесе нақты көлем индексі 103,1 пайызды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 35 млрд. 57,1 млн. теңгеге артық өнім өндірілген.

2015-2019 жылдары индустриялды-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасы аясында, яғни индустрияландырудың екінші кезеңінде 20 млрд. 124,5 млн. теңгеге 10 жоба жүзеге асырылып, 360 жаңа жұмыс орындары ашылды.

Ал, 2020-2021 жылдары жалпы құны 22 млрд. 600,0 млн. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 519 жаңа жұмыс орнының ашылуы көзделуде, – деген қала әкімі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, салық, құрылыс және тұрғынүймен қамту жұмыстарына да тоқталып өтті.

– Есепті кезеңде Тараз қаласында құрылыс жұмыстарының көлемі 48 млрд. 993,4 млн. теңгені немесе нақты көлем индексі 107,0 пайызды құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 млрд. 320,8 млн. теңгеге өсіп отыр.

«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында жоғары тұрған бюджеттерден 9 млрд. 996,5 млн. теңге қарастырылып, бұл қаржыға келесідей жұмыстар атқарылды, – деген А. Қарабалаев білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік қамтамасыз ету және құқық қорғау салаларында атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, №2 округ бойынша жүргізілген жұмыстарды да баяндап өтті.

– Өздеріңізге белгілі, 15-ші мөлтек ауданның құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы мөлтек аудандағы 17 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.

Тұрғын үй құрылыстарымен қатар Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқабының магистралдық және ішкі кварталдық  жылу, қиыршық тас жолдарын салу және электрмен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Ал, «Бурыл А,Б,В» алқабында қиыршық тас жолдарын салу құрылысы атқарылуда.

Білім саласы бойынша округтегі №50 орта мектептің жұмсақ шатыры мен жылу жүйесі ағымды жөндеуден өткізілді. №26, 37, 44, 50, 54 орта мектептердің пандустарына  ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. №26 орта мектеп толық жабдықталған робототехника , №54 орта мектеп ІТ кабинетімен жабдықталды. №9, 26, 44 мектептерге 10,2 млн. теңгеге қосымша бейнебақылау қондырғылары орнатылды. Сондай-ақ, №7 балабақша ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Округте орналасқан мектептердің аз қамтылған, көп балалы отбасыларының 1884 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Округтегі 285 отбасы 13,3 млн. теңге көлемінде тұрғын үй көмегін алса, 958 отбасына 621,2 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып төленді.

Сонымен қатар, аумақтық округ тұрғындарының өтініші бойынша  14 автобус аялдамалары орнатылды. Қалалық №12 автобус бағытының қозғалыс сызбасы Орталық базардан №2 аумақтық округке қарасты «Родничок» саяжайының кіреберіс жолына дейін ұзартылды. «Төңкеріс» иіні №6, Қойбақов көшесі №10, 12, 16 көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына кіші футбол алаңшалары салынды.

Өткен жылы аумақтық округ тұрғындарынан 1169 өтініш түсіп, 55-і орындалды, 156 өтінішке түсініктеме берілді. Өтініштердің қаралуы тұрақты бақылауда болады, – деді шаһар басшысы өз сөзінде.

Жиын соңында қала әкімі биыл облыс орталығында атқаылуы жоспарланып отырған жұмыстармен таныстырды. Сонымен қатар, тұрғындардың сауалдарын тыңдап, тыңғылықты жауаптарын берді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.