Болат қайнауда шынығады…

203

Қазіргі қазақ жастарының мамандық таңдауда техникалық саладан гөрі гуманитарлық бағытқа аңсарының ауатындығы жиі айтылады. Сондықтан, кейде жастардың техника мен технологияның тілін табуға шорқақтау көрінетіні жасырын емес. Әлде бір алып өндірістің өзегі болған техниканы меңгеріп, жаңа технологияны кәдеге жаратып жүрген өрендердің қатарынан бірлі-жарым қаракөз қандастарымызды көргенде іштей қуанып қаламыз. Қала іргесіндегі «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңа Жамбыл фосфор зауытымен танысуды мақсат еткен сапарымызда Алмас Амангелдиев атты жігітпен танысып, жас болса да жауапкершілігі мол міндетті мойнына алған азаматтың іскерлігіне сүйсініп қайттық.

Қаладан сағат сайын зауыт қызметкерлерін тасымалдайтын автобустан түскен бізді Алмастың өзі күтіп алды. Ол өзін «№5 цехтың инженерімін» деп таныстырды. Қаладағы 2 ықшамауданның көлеміндей болатын зауыт аумағына енгеннен әңгімеміз өндіріс ошағының тыныс-тіршілігі турасында өрбіді. Кейіпкеріміз зауыттағы өндірістік үрдіс, өнім алуда қолданылатын заманауи технологиялар жайында қойған сұрағымыздың ешбіріне тосылмай, толық жауап беріп келеді. Олай болатын жөні де бар. Зауытта еңбек еткен 5 жыл ішінде Алмас қатардағы жұмысшыдан инженерлікке дейін өскен білікті маман. Әсіресе, аса күрделі химиялық процестердің нәтижесінде тауарлы сары фосфор өндірілетін №5 цехтың жұмысын бес саусақтай біледі.
– Пештегі химиялық үрдістен кейін онда 3 қабат пайда болады. Оның алғашқысы газ, кейінгісі фосфор өнімі. Ал, ең төменде 1 800 градус температурада шлак бөлінеді. Осы шлак арнайы арналар арқылы ағып кетеді. Міне, еңбек жолымды дәл осы «отты өзенге» айналған шлакты арнасына бұратын топтың құрамында бастадым. Жоғары температурадағы шлак темірді сүңгімен түртіп кеп қалғанда, ол төмен қарай лықси жөнеледі. Мұнда ауыр сүңгімен жұмыс жасаудан бұрын пештен шыққан жалынға шыдас берудің өзі оңай емес, – дейді Алмас.
Бізге жас инженердің жігерін дәл осы қызмет жани түскендей әсер етті. Жалын арасындағы жауапкершілігі мол жұмыста шыңдалған маманның болашағы зор екенін аңғарған зауыт басшылығы Алмасқа көп ұзамай өндіріс ошағының «жүрегі» аталатын цехтың орталықтандырылған басқару пультіндегі жаңа қызметті ұсынды. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде арнайы орта білім алған жас жігіт өзінің қарым-қабілеті сыналар қызметтен бас тартпады. Дәл осы тұста зауытта химиялық процесс кезінде бөлінетін газды өндірістік қажеттілікке қолдану жайы сөз бола бастаған. Жас инженер оқу орнында алған білімін дәл осы жобаны жүзеге асыруға жұмсады. Нәтижесінде 600 гектар аумақта орналасқан өндірістік қалашықтың көгілдір отынға деген сұранысын толығымен өтеу мәселесі шешімін тапты. Осы жүйенің ақаусыз қызмет жасауында жас инженер Алмастың үлесі зор.
Күн сайын түрлі қатермен бетпе-бет келетін маман бос уақытында қоғамдық жұмысқа да белсенді атсалысады. Ағымдағы жылдың шілде айында «Қазфосфат Жастар Одағы» ұйымының белді мүшесі атанды. Одақтың жазда өткен есеп беру-сайлау конференциясында Алмас ұйымның Жаңа Жамбыл фосфор зауытындағы филиалының төрағасы қызметіне тағайындалды. Ұжымының 70 пайызы жастардан тұратын зауытта бұл қызметтің жауапкершілік жүгі жоғары.
– Біздің зауытта жастардың мәселесі шешімін тапқан. Жас мамандар жатақханамен қамтамасыз етілген. Жұмыстан соң спортты жанына серік еткісі келетін әріптестеріміз серіктестіктің спорт кешенінің қызметіне жүгінеді. Еңбек демалысына шыққан қызметкерлерге Қаратау баурайындағы «Көктал» шипажайына жолдама қоса ұсынылады, – дейді А.Амангелдиев.
Тәулік бойы тыным таппайтын өндіріс ошағының қызметін мінсіз етіп, сапалы өнім шығару жолында талай жастар тер төгіп жүр. Жастық жалынын, қажыр-қайратын өңірдегі экономиканың өзегі болған салаға арнаған жастар шынында көпшілікке үлгі.
Бізді автобус аялдамасына дейін шығарып салған кейіпкеріміз жолымызға сәттілік тілеп, жұмысына қарай бет алды. Оны тұтас бір өндірістік қалашықты газбен қамту қызметін ұтымды ұйымдастыру міндеті күтіп тұр еді…

Назерке ТӨЛЕН

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.