12 мың гектар алқапқа егін егілген | arainews.kz

12 мың гектар алқапқа егін егілген

167

Таластық диқандар Жер-Ананың жомарттығын жақсы түсінеді. Сол себепті, мүмкіндігінше кең алқапқа дән сеуіп, мол өнім алуға ұмтылып тұрады. «Диқан жерге тоймас» деген осы болса керек.

Жалпы, 2019 жылдың өнімі үшін Талас ауданында барлығы 12 171 гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру және 1 600 гектар пар дайындау жоспарланған. Оның ішінде, күздік бидай 4 000 гектар және бұрынғы жылдардағы көпжылдық шөп 4 221 гектарды  құрайды. Көктем айларында 3950 гектар алқапқа жаздық ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып, 3286 гектарға ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылған.  Оның ішінде, 1310 гектар жаздық арпа, 380 гектар дәндік   жүгері,   600 гектар мақсары, 100 гектар күнбағыс, 130 гектар картоп, 320 гектар бақша, 230 гектар көкөніс бар. Осы тұста айта кететін жай, 2019 жылдың өнімі үшін жоспарланған 3200 гектар күздік бидайдың орнына 4000 гектар жерге күздік бидай артығымен егілді.

Ағымдағы жылы Ақкөл ауылдық округіндегі «Бекен» шаруа қожалығында 130 гектар қант қызылшасы, 50 гектар картоп, 30 гектар пияз, 20 гектар сәбіз егілген алқапқа тамшылатып суару технологиясын енгізіп отыр.

Тамды ауылдық округінде орналасқан «Тамды» темір бетон жүйесін ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 35 млн. теңге бөлінді. Темір бетон лотоктарын қайта қалпына келтірген жағдайда 1200 гектар алқапты толығымен және уақытылы сумен қамтуға болады

– Жалпы, жобаның құны 70 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде, мердігер қыркүйек айында анықталады. «Тамды» су жүйесі массивін механикалық отряд арқылы қайта қалпына келтіру ұсынылды.  Бұл массив «Тамды» — 2,14 млн. текше метр, «Жартас» — 5,05 млн. текше метр, «Мыңшұқыр» — 7,0 млн. текше метр су қоймаларынан су жеткізіледі. Лоток жүйесінің магистралды лотоктарының ұзындығы 6,1 км, суарылатын алқап 1200 гектар, – дейді аудан әкімі Д. Алиев.

Жалпы, Талас ауданының жер көлемі 1 млн. 220 мың 562 гектарды құрайды. Оның ішінде егістік жерлер 21 мың 439 гектар, шабындық 22 мың 785 гектар, жайылымдық 414 мың 450 гектар.

2019 жылдың наурыз айында 1 конкурс өткізіліп 21 жер учаскесі, жер көлемі 9 667 гектар, оның ішінде 123,3 гектар суармалы егістік, 9543,7 гектар жайылым жер конкурс арқылы берілді және есепті мерзімде 2 аукцион өткізіліп 2,1 гектар жер учаскесі аукционға беріліп, жергілікті бюджетке түсетін қаржы 17 млн. 239 мың теңгені құрады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.