Балабақшалар саны артуда

Білім беру сапасын арттыру бағытында мектепке дейінгі мекемелерге де артылатын жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Жылдың басты құжатында айқындалған міндеттер аясында Тараз қаласында да жұмыр жоспар түзіліп, жүйелі жұмыстар жандана түсуде.

Қазіргі таңда көне шаһарда 64 мемлекеттік және 69 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызмет атқарады. Бүгінде онда 19 451 бала тәрбиеленуде. Осы орайда 1 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім беру, тәрбиемен қамту 79,6 пайыз болса, 3 пен 6 жас аралығындағы баларды қамту 98,0 пайызды құрайды. Өткен жылға қарағанда әжептеуір ілгерілеу бар.

Жалпы мектепке дейінгі мекемелердің ішінде 69 жекеменшік ұйымдарында 6032 бала тәрбиеленуде. Бұл 31,0 пайызды құрайды. Ал кезекке тіркелген балалар саны 18177. Оның ішінде 3-6 жастағылары – 392 бала. Дейтұрғанмен жергілікті билік тарапынан бұл бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Мысалы, 2019 жылға 1454 орын жоспарланса, нақтылы кезеңде 1534 орын ашылып отыр. Яғни, жоспар 80 орынға артық орындалған.

Сонымен қатар осы мақсатта мемлекеттік білім беру тапсырыстарынан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тетіктері іске асырылатын болады. Бұл ретте мемлекет пен кәсіпкердің өзара уағдалауы нәтижесінде мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру орталықтарының саны арта түспек.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.