Үкіметте «Денсаулық» бағдарламасының жобасы мақұлданды | arainews.kz

Үкіметте «Денсаулық» бағдарламасының жобасы мақұлданды

116

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында денсаулық сақтаудың қазіргі мәселелері мен медициналық көмек көрсету сапасын арттыру туралы баяндады.

«Қоғам көтеріп отырған денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын толықтыру үшін ұсынылған өзгерту жобасында көрініс тапты. Бұл өзгертулерді біз бүгін қарап, жүзеге асыруға мақұлдануын сұрап отырмыз», — деді министр. Оның айтуынша, министрлік ресми өтінімдер мен БАҚ беттеріндегі, әлеуметтік желілерде көтерілген бар мәселелерді ескеріп, талдау жасаған. Сондай–ақ, денсаулық сақтау саласының түйіткілді мәселелері Қоғамдық кеңестің отырыстарында қаралған болатын. Үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары да ескерілді.

Сонымен, Е. Біртановтың айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мәселелері алты топқа бөлініп көрсетілді: қызмет көрсету сапасы; білікті мамандардың жетіспеуі; дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық жабдықтарды жаңарту; сондай-ақ халық арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы ақпарат тарату; денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы; азаматтардың денсаулығының төмен деңгейі.

Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру үшін Мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар маңызды шараларды қабылдамақ. Мәселен, келесі жылдың аяғына дейін министрлік жалпы тәжірибе дәрігерлеріне түсетін жүктемені азайтып, жаңа аймақтар құрмақ. Сонымен қатар, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы алғашқы медициналық көмектің шағын нысандарын дамыту көзделіп отыр.

«2019 жылдың соңына дейін жергілікті атқарушы органдар бір дәрігерге түстеін жүктемені 1,700 адамға дейін азайту керек», — деді Е. Біртанов.

​Отбасылық дәрігерлік практиканы одан әрі дамыту аясында диспансерлеуді өлімнің 60%-дан астам себептерін айқындайтын ауруларды басқару бағдарламаларына өзгерту жүргізіледі.

«2020 жылға қарай ауруларды басқару бағдарламаларымен (артериялық гипертензия, қант диабеті, созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі) үш ауруы бар, есепте тұрған пациенттерді қамту 11%-дан 30%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Жергілікті атқарушы органдар барлық дәрігерлер мен мейіргерлерге аталған бағдарлама бойынша 2020 жылға қарай оқыту өткізуі қажет», — деп баяндады министр.

Бұдан өзге, Елжан Біртанов қағазсыз құжат айналымына толық көшу арқылы барлық емханалардың қызметін цифрландыруды жалғастыру, соның арқасында медицина персоналына түсетін шамадан тыс жүктемені төмендету қажет екенін атап өтті.

Медициналық көмектің сапасын жақсартудың тағы бір аспектісі қауіпсіз босандыруға және ана өлімін төмендетуге бағытталған. Мемлекеттік бағдарламада дәрігерлердің біліктілігін одан әрі арттыру, медициналық ұйымдарды акушер-гинекологтармен және анестезиолог-реаниматологтармен жасақтауды 95%-ға дейін жеткізу көзделген.

«Әкімдіктер барлық қажетті мамандарды жалдап, бекітуі, сондай-ақ барлық жүкті әйелдерді уақытылы есепке алуды және динамикалық бақылауды қамтамасыз етуі қажет. Желі нормативіне сәйкес монобейінді ауруханалардың көпбейінді ауруханалармен, оның ішінде перзентханалар мен босандыру үйлерінің интеграциясын қамтамасыз ету қажет. Медициналық ұйымдарды медициналық жабдықпен жарақтандырудың ең төмен стандарттарына сәйкес толық жабдықтау қажет. Жергілікті атқарушы органдар жедел көмек пен ауруханалардың барлық қызметкерлерін оқытуды қамтамасыз етіп, бекітілген стандартты енгізуі қажет», — деді Е. Біртанов.

Медициналық көмектің сапасын арттыру жөніндегі шаралар шеңберінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру бойынша бастамалар көзделген: бұл Министрліктің Бірыңғай перспективалық даму жоспарын бекіту бойынша құзыретін заңнамалық бекіту (заң жобасы Мәжіліске енгізілді). Бірыңғай перспективалық даму жоспары медициналық ұйымдардың түгел желісін республикада бекітілген стандартқа сәйкес келтіруді білдіреді.

Сондай-ақ биыл 31 млрд теңге сомасында 35 объектінің құрылысы жоспарланған. 2019 жылы сомасы 55,6 млрд теңге болатын 33 объектіде құрылыс-монтаждау жұмысы жоспарланған, мұнда 60%-дан астамын қаржыландыру көзі жеке инвестициялар болады.

Кадрлық қамтамасыз етуді жақсарту және медицина қызметкерлері біліктілігінің деңгейін арттыру шеңберінде 2019 жылдан бастап Мемлекеттік бағдарлама аясында медициналық ЖОО-ларға және колледждерге іріктеу үшін қосымша емтихан енгізіледі; ЖОО-лар мен колледждердің түлектерін міндетті тәуелсіз бағалау заңды түрде бекітіледі. Министрдің айтуынша, әкімдіктердің жас мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша жауапкершілігі күшейтіледі (32%-дан 60%-ға дейін жеткізу қажет).

«Құрметті әкімдер! Ауылдық жерлерді кадрлармен қамтамасыз ету, оларды ынталандыру, әлеуметтік қолдау – сіздердің қолдарыңызда! Аталған мәселелерді жеке бақылауға алуды сұраймын», — деді Е. Біртанов

Өзекті проблемалардың бірі азаматтардың дәрілік қамтамасыз етілуге құқықтарын сақтау болып табылады.

Мемлекеттік бағдарламада барлық тегін дәрі-дәрмек беруді дербестендірілген есепке алу көзделген. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмекке бағаларды реттеу жүйесі әзірленіп, оны іске қосу және дәрі-дәрмекті пилоттық қадағалау жүйесін енгізу жоспарлануда. 2020 жылға қарай дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі арқылы рецептілік препараттарды электрондық босатуға толық өту қамтамасыз етілетін болады.

Медициналық жабдықты жаңарту шеңберінде Ұлттық медициналық техника базасын құру, онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында бюджет қаражаты шегінде және МЖӘ механизмдері бойынша медициналық техниканың 150 бірлігін сатып алу, сондай-ақ, медициналық техниканы тиімді пайдаланудың онлайн мониторингін енгізу көзделген. «100 нақты қадам» ұлт жоспарына сәйкес Қор құрылды, онда 100, 5 млрд теңге жинақталды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қор ТМККК қызметтерінің бірыңғай сатып алушысы болып табылады.

Цифрландыру аясында денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығын арттыру мақсатында мынадай шаралар жоспарланған: бірыңғай интероперабельділік платформасын өндірістік пайдалануға беру, барлық ақпараттық жүйелердің интеграциясы; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап саладағы медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізу; жергілікті электрондық денсаулық паспорттарын ұлттық денсаулық паспорттарымен үйлестіру; ҚР ДСМ деректеріне сәйкес, бүгінгі күні 10 млн халықтың электрондық денсаулық паспорттары бар. 2020 жылға қарай халықтың 100%-ында электрондық денсаулық паспорттары болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл мамырда Қоғамдық денсаулықты басқару жөніндегі шаралар жоспары бекітілді. Жоспардың негізгі бағыттары — жыл сайынғы бюджеті 2,3 млрд теңге болатын салауатты өмір салтын насихаттау және 10–12 млн халықты қамту. Насихаттау шеңберінде қантты, тұзды, темекіні, алкогольді пайдалануды қысқарту секілді ережелер қамтылады. Қоғамдық денсаулықты басқару жөніндегі басқа шаралар 11,5 млн дейін халықты қамтитын профилактикалық қарап-тексерулерді жүргізудің тиімділігін арттыруды қамтиды.

Осылайша, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жаңа редакциясында «Өмір сүру ұзақтығының күтілетін деңгейі» және «Халықтың қанағаттану деңгейі» индикаторларын арттыру жағына қарай қайта қаралған. БҰҰ Даму бағдарламасының әдіснамасын ескере отырып, «Денсаулық индексі» индикаторы қайта қаралды. Сондай-ақ денсаулық көрсеткіштерінің 3-і алынып, 6-ы енгізілді. 24 жаңа іс-шара қосылды.

Елжан Біртанов жергілікті атқарушы органдар басшыларының бағдарламаны іске асыру мәселелері бойынша жауапкершілігін арттыру қажет екенін атап өтті. Өңірлерде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын іске асыру жөніндегі өңірлік жобалау офистерін құру қажет.

«Мемлекеттік бағдарламаның іс-шараларына деген жүйелік тәсіл бізге межеленген міндеттерді тиімді орындауға және біздің азаматтардың медициналық көмектің сапасымен қанағаттануын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Е. Біртанов.

Сондай-ақ, отырыс барысында Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжановтың, Ақмола облысының әкімі М. Мырзалиннің, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаевтың, Алматы қ. әкімі Б. Байбектің, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаевтың, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақаловтың, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетовтың, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Е. Аймұқашевтың өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептері тыңдалды.

primeminister.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.