Ата Заңдағы өзгерістер – қоғам игілігі үшін - arainews.kz

Ата Заңдағы өзгерістер – қоғам игілігі үшін

7

Облыс әкімдігінде өткен жиында қалалық және облыстық мәслихат депутаттары жаңа Конституция жобасын талқылады. Ұсынылып отырған реформалар, ең алдымен, мемлекеттің азаматтарға бағдарланған сипатын күшейтуге, сондай-ақ саяси институттардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жиынды Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев ашты. Оның айтуынша, құжат заманауи сын-қатерлер ескеріле отырып әзірленген және Қазақстанның ұзақ мерзімді даму перспективаларына бағдарланған.

– Бүгін әрбір норманы мұқият талдап, ұсынылып отырған ережелерді қолданыстағы тәжірибемен салыстырып, олардың нақты әрі тиімді іске асуын қамтамасыз ету маңызды. Тек осындай жағдайда ғана жаңартылған Ата заң елдің дамуына қызмет етіп, біріктіруші рөлін толық атқара алады, – деді ол.

Сондай-ақ ол Конституция жобасындағы бірқатар маңызды нормаларға, атап айтқанда, бірпалаталы парламент қалыптастыру, Халық кеңесін құру, Вице-президент институтын енгізу мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

Жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірлерін облыстық мәслихат депутаттары Ғұлам Омаров, Жұмахан Танкебаев, облыстық мәслихат аппаратының бас инспекторы Рүстем Байшекеев, сондай-ақ қалалық мәслихат төрағасы Кенжебек Олжабай білдірді. Олар ұсынылған өзгерістерді қолдап, халықтың егемендіктің қайнар көзі ретіндегі рөлін күшейтуге, тікелей демократия тетіктерін дамытуға, мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мен нақтылауға, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарының конституциялық кепілдіктерін нығайтуға бағытталған нормалардың маңызын атап өтті. Бұл өзгерістердің уақытылы екені және билік пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға ықпал ететіні айтылды.

– Облыстық мәслихат депутаты ретінде мен күн сайын өңір тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаймын. Осындай кездесулерде бір маңызды мәселе жиі көтеріледі: адамдар өмір сапасының жақсаруын, әділдік пен тиімді мемлекеттік басқаруды қалайды. Алайда кей жағдайда бұл талаптар қолданыстағы заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерге тіреліп жатады. Басқаша айтқанда, қазіргі нормалар уақыт талабына әрдайым сай келе бермейді. Сондықтан бүгін біз ортақ түсінікке келіп отырмыз: елдің тұрақты дамуы үшін салалық заңдардағы ұсақ өзгерістер жеткіліксіз. Қазақстан Республикасының Конституциясы секілді негізгі, іргелі нормаларды жаңарту қажет, – деді Ғ.Омаров.

Ол сондай-ақ қоғамда Конституция бір рет қабылданып, өзгермейді деген түсінік бар екенін, алайда бұл әлемдік тәжірибеге сәйкес келмейтінін атап өтті.

– Мәселен, АҚШ Конституциясы 1788 жылы қабылданып, оған 27 түзету енгізілді. Бұл құжаттың қоғам мен саясаттағы өзгерістерге сай үнемі жаңарып отыратынын көрсетеді. Францияда Конституция саяси жүйенің дамуына байланысты бірнеше рет өзгертілді. Ал Түркияда 1982 жылғы Конституция көптеген түзетулер мен реформалардан өтті, бұл басқару жүйесін жетілдіруге деген ұмтылысты айғақтайды, – деді ол.

Ғ.Омаровтың айтуынша, конституциялық өзгерістер – мақсат емес, елдің дамуына қызмет ететін, халық мүддесіне бағытталған құрал.

Кездесу соңында қатысушылар Конституция жобасын ашық әрі жалпыұлттық деңгейде талқылаудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Олардың пікірінше, азаматтарды кеңінен диалогқа тарту түрлі көзқарастар мен ұсыныстарды ескеруге мүмкіндік беріп, нәтижесінде қабылданатын шешімдерге деген қоғамдық сенімді арттырады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.