«Жылыжай салу үшін құрылыс заттарын қарызға алдым»
Бүгінде өңірімізде кәсіпкерліктің көкжиегі күн санап кеңейіп келе жатқаны жасырын емес. Әсіресе, шағын және орта бизнесті дамытуда жас кәсіпкерлердің үлес салмағы қуантады. Тірлігіне тиянақты, ісіне мығым жастың бірі Карина Алтушева. Шу ауданында саңырауқұлақ шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпкер көпке таңсық кәсібі жайында бізбен аз-кем әңгімелескен еді.
– Карина Нұрғазықызы, ең әуелі әңгімеміздің әлқиссасын жақынырақ танысудан бастасақ. Қайда білім алдыңыз? Бизнеске қалай келдіңіз?
– Туып-өскен жерім Мойынқұм ауданындағы Мойынқұм ауылы болғанымен, 2005 жылы Шу қаласына анаммен бірге қоныс аудардық. Шу ауданындағы М.Мақатаев атындағы мектепті тәмамдап, ҰБТ сынағынан сүрінбей өткеннен кейін Алматы политехникалық университетінің «Құрылыс материалдарын өндіру бойынша инженер-технолог» мамандығына грантқа түстім. Оқуымды бітірген соң жұмыс табылмай, біраз уақыт Астана қаласындағы мейрамханаларда даяшы болып еңбек еттім. Бала күтумен де айналыстым. Десе де, кейін маркетолог маманы болып жұмысқа орналастым. Қызметімнің біраз бөлігі ғаламтор алдында өтетіндіктен, бұл қызметте көп тұрақтамадым. Содан ойлана келе, жеке кәсібімді ашуға бел будым. Қазір саңырауқұлақ өсіріп, тың кәсіпті түлетіп жатырмын.
– Шыныңызды айтыңызшы, тұрақты жұмысты тастап, неліктен кәсіпкер болғыңыз келді?
– Маркетолог болып 1 жыл еңбек еткен уақытта болашағымды бұл жұмыспен байланыстыра алмайтынымды түсіндім. Себебі, Астанадай үлкен қалада жалғыз өзімнің тұрып жатқаным жаныма батты. Қасымда анам жоқ, туыстарымыз да жырақта. Оның үстіне таң атқаннан кеш батқанға дейін кеңседен шықпай, компьютердің алдында отыру оңай емес. Тіпті, жеке өміріме де уақыт болмай кетті. Содан кәсіпкер болсам деген ой туды.
Оған қоса, бөле әпкемнің жеке кәсібі бар болатын. Ол Мойынқұм ауданында 10 жылдан бері дәмхана жұмысын дөңгелетуде. Әпкеме қарап қатты қызықтым. Менің де сондай кәсіппен айналысқым келгенімен, үнемі батылдығым жетпейтін. Бір күні ол кісі мені Астанадан Таразға шақырып, бірге жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Мен бірден келістім. Тойлар мен кештерді әрлеумен айналысатын шағын орталық ашпақшы болдық. Онда түрлі-түсті ойыншықтар мен тәтті тағамдар дайындауды қолға алдық. Алайда, тұтынушыларымыз аз болғандықтан, жұмысымыз алға баспады. Сол кезде әпкеме «Маған бірден жүріп кететін, кемінде 20-30 жылсыз тоқтамайтын, қиын болса да кейін жемісін көретін кәсіп болса екен» деген тілегімді айттым. Содан екеуміз интернетті ақтара бастадық. Бірақ, іліп алардай ештеңе таппадық. Әпкем біраз ойланып, саңырауқұлақ өсіру кәсібіне тәуекел етіп көруді ұсынды. Байқап қарасақ, шынында саңырауқұлаққа бүгінде мейрамхана мен дәмханалардан сұраныс өте көп екен. Қыр-сырын білмесем де, көп ойланбастан бұл кәсіпке кірістім де кеттім.
– Кәсіпті ашпас бұрын «Бастау Бизнес» сынды жобаларға немесе семинар-тренингтерге қатыстыңыз ба?
– Семинар-тренингтерге бала кезімнен баратынмын. Себебі, анам желілік маркетингпен айналысатын. Сол кезде ол мені түрлі мотивациялық семинарларға, басқосуларға бірге ертіп барып жүрді. Оған қоса, біздің үйде кәсіпкерлікке, ақша табуға, адамдармен жұмыс істеуге, сауда-саттықпен айналысуға баулитын кітаптар көп болатын. Сондай-ақ, Астанада жүргенде де кәсіпкерлікке байланысты семинарларға жиі барып тұрдым. Кәсіпкерлер мектебінде болып, кеңестер алдым. Енді бұйыртса, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлікке қатысты танымымды кеңейтсем деп отырмын.
Одан бөлек, Роберт Кийосакидің «Ақша ағыны» кітабын, Бода Шефердің «Мани» туындысын оқып, бизнестің қыр-сырын өздігімнен де үйренудемін.
– Кәсіпті ашпас бұрын ең алдымен қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Ең басты қиындық – ол, әрине, қаржы мәселесі. Шынымды айтсам, бастапқыда қалтамда көк тиын болмады. Былайша айтқанда бәрін нөлден бастадық. «Шешінген судан тайынбас» деп жылыжай салу үшін құрылыс заттарын түгел қарызға алдым. Сосын желдеткіш, кондиционер, ауаны ылғалдандыратын құрылғы алу, су жүйелерін тарту сынды жұмыстарды жүргізу үшін несие рәсімдедім. Кәсібім «нар тәуекелден» басталды десем де болады.
– Қазір саңырауқұлақтың қандай түрін өсірудесіз?
– Саңырауқұлақтың «Вешенка» деген түрін өсіруді қолға алдық. Бұл саңырауқұлақтарды үйде, шағын жылыжайда өсіруге болады.
Егер климаттық жағдайы дұрыс болса тез өседі. Яғни, температурасы қолайлы, суы жеткілікті әрі уақытылы берілсе өнімі мол болады. Термиялық өңдеуді қажет етпейді, оны арнайы қайнатудың да, тазалаудың да қажеті жоқ. Оны жұлып аласыз да, қалаған тағамыңызды қосып, тұтына бересіз. Жеңіл қорытылады және өте пайдалы.
– Жамбылдықтар үшін таңсық шаруашылық саналатын саңырауқұлақты өсіру технологиясын айтып берсеңіз?
– Саңырауқұлақ аса күтімді талап етпейтін өсімдік. Десе де, бұл өсімдіктің субстратын дайындау үшін туралған сабанды ыстық суға буландырып, суығаннан кейін полиэтилен қапшықтарға салып, мицелиймен араластыру қажет. Саңырауқұлақ тұқымын ыстық суға шыланған ұсақталған сабанға отырғызып, қосымша минералды тыңайтқыштармен қоректендіреді. Содан кейін барып жылыжайдағы сөрелерге қойып, үш күн өткеннен кейін барып, өсіп шығуы үшін қаптардың бес-алты жерінен тілімдер жасалады. 15-20 күннен соң қаптардағы тілімдерден саңырауқұлақтар өсіп шыға бастайды. Бір қаптан 3 келіге дейін «Вешенка» саңырауқұлағын жинауға болады.
– Жергілікті билік тарапынан бизнесіңізге көмек көрсетілуде ме?
– Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі жарнама жағынан және қаржылай қолдауын білдіруде. Оларға айтарым, тек алғыс.
– Ал, өніміңізді қайда өткересіз?
– Өнімді ретіне қарай базарға жөнелтеміз. Бірақ, көбіне үлкен мейрамханалар мен шағын дәмханалардан тапсырыстар түседі. Әзірге тек аудан шеңберіндеміз. Егер өнім көлемі өсіп, тірлік алға басатын болса, өзге аймақтардың нарығына шығу да жоспарымызда бар.
– Жас кәсіпкер ретінде бизнес бастауда замандастарыңызға қандай кеңес берер едіңіз?
– «Алма піс, аузыма түс» деп босқа қарап отырған адамға ешкім ештеңе әкеліп бермейтіні анық. Сондықтан, мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалып тұрғанда жастарға өз кәсібін ашуға кеңес беремін. Ең бастысы, тәуекел керек. Және қандай өнім болса да, өз тұтынушысы бар екенін ұмытпаңыз. Қазірден өз бизнес жоспарыңызды жасап, кәсіп ашуға ұмтылыңыз.
– Алдағы уақытқа қандай жоспарыңыз бар?
– Қазір біздің жылыжайымыз шағын болғанымен, бұл – бастамасы. Алдағы уақытта жылыжайымды кеңейтіп, саңырауқұлақтан бөлек құлпынай, черри қызанағын, жай қызанақ, қияр, түрлі-түсті болгар бұрышын өсіргім келеді. Сонымен қатар, көктем айында қыз-келіншектердің мерекесіне орай жауқазын гүлін де ексем деймін. Кәсібімнің көкжиегін кеңейтіп, дамыта түссем деген ойым бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айжан Өзбекова,
Шу ауданы