Жылу желілерін жаңғырту жалғасуда | arainews.kz

Жылу желілерін жаңғырту жалғасуда

8

Тараз қаласында «Қазгидромет» ұсынған мәліметтерге сәйкес сәуір айында ауа райының тұрақты болуына байланысты 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымы 14 сәуірден бастап аяқталды.

Сонымен қатар қазандықтарды жөндеу және жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізу үшін 14 сәуір мен 14 мамыр аралығында 1 ай мерзімге ыстық су беру уақытша тоқтатылды.

Гидравликалық сынақ жылыту маусымын қауіпсіз өткізуге ықпал етеді. Яғни, бұл шара жылу желілерінің ақаулы учаскелерін анықтап, оларды ауа райы қолайлы кезде қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда желілерді жаңғырту бойынша құрылыс жұмыстары қарқын алып отыр. Мамырдың 14-інен 15-іне қараған түні ыстық су қайта беріледі.

Тараз қаласының аумағында 278 шақырымға жуық магистралдық және ішкі кварталдық жылу желілері бар. Оның ішінде «Таразтрансэнерго» кәсіпорны қызмет көрсететін 229 шақырым жылу құбырларының 67,8 пайызының тозығы жеткен.

Осы мәселені ескере отырып, апатты жағдайлардың алдын алу үшін 2023 жылы Тараз қаласының Сыпатай батыр, Төле би және Қ. Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту жобасы әзірленді.

2024 жылы бұл жоба қолдау тауып, ұзындығы 4,6 шақырым болатын Сыпатай батыр көшесі мен Жамбыл даңғылы аралығындағы жылу желілері жаңғыртудан өтті.

Қазіргі уақытта Жамбыл даңғылы мен Қ. Тұрысов көшелерінің қиылысынан бастап, Төле би көшесінің бойында ұзындығы 1,5 шақырымды жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, аталған жылу желісінің ұзындығы 6,1 шақырымды құрайды.

Сонымен қатар биыл Төле би – Жамбыл даңғылының қиылысынан Сейфулин – Қонаев көшесіне және Төле би –Жамбыл даңғылы қиылысынан Әйтеке би көшесіне дейінгі 650 метр «М-3» жылу магистралін жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылады.

«Ұлы дала» шағынауданында жылу күшінің төмендігіне байланысты магистралдық және орамішілік жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін кеңейту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.

2024-2029 жылдарға арналған тозған жылу желілерін ауыстыру жоспарына сәйкес республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін 14 жоба әзірленіп, ҚР Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім берілді. Аталған жылу желілерінің басым бөлігі белгіленген 25 жылдық қызмет ету мерзімін өтеп болған.

Жалпы, аталған жаңғырту жұмыстары аяқталған жағдайда, Тараз қаласындағы жылу желілерінің тозу деңгейі 51 пайызға дейін төмендейді. Бұл – апаттың алдын алуға, энергия шығынын азайтуға және жылу беру қызметінің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.