Жолдау жүктеген міндеттер: Жеңіл өнеркәсіп қалай жанданады | arainews.kz

Жолдау жүктеген міндеттер: Жеңіл өнеркәсіп қалай жанданады

136

Еліміздің жеңіл өнеркәсіп өндірушілері Елбасының жаңа Жолдауын талқылап, өз бастамалары мен жоспарларын ортаға салды.

Еліміздің саяси жəне экономикалық дамуы əлеуметтік ахуалдың өсуімен тікелей байланысты. Осы орайда, шара барысында жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің Президент тапсырмаларын орындау бағытындағы  ұсыныстары мен пікірлері талқыланды.

«Шикізаттық емес секторды дамытуда жеңіл өнеркәсіптің алатын орны ерекше. Оның ішінде, экономикаға кіріс əкелетін өндіріс орындарын дамыту жəне көбейту бар. Бұл мақсатқа бюджеттен қосымша 600 млрд теңге бөлінді. Осы тұрғыда «Атамекен» жеңіл өнеркәсіпті жаңғыртуды қолға алуды қарастыруда. Біз алдымен, қазақстандықтар тұтынатын өз тауарларымызды қолдауымыз керек. Ал жеңіл өнеркәсіптегі жобалар тиісінше жаңа жұмыс орындары мен ел экономикасына ықпалын тигізеді. Сондықтан жеңіл өнеркәсіп өндірушілермен кездесіп, Жолдауда айтылған міндетті орындауға және саланы дамытуға қатысты идеяларды тыңдаудамыз», — деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Бишімов.

Сондай-ақ атап өтілгендей, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша кәсіпорындарға қолдау қажеттігі атап өтілді.

Сала мамандарының пікірінше, бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды.

«Осыдан бірнеше күн бұрын жеңіл өнеркәсіп өндірушілермен кездесіп, жеңіл өнеркәсіп саласында жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың пулын жинадық. Қазірде өнім өндірушілер шикізат түріндегі өндірістен бас тартуда. Мысалға, өз маталарымызды өндіруді қолға алудамыз. Атап айтсақ, трикотаж матасын өзімізде өндіру бойынша екі жоба бар. Өздеріңіз білетіндей, бізде трикотаж өте аз көлемде шығарылады, көбінесе шетелден жеткізіледі. Осы жобалар аясында трикотаж матасын өндіруді өзімізде дамытуды қолға алып жатырмыз. Аталған инвестициялық жобалар арқылы мемлекеттік тапсырыспен Қазақстан нарығының 40% қамтуды жоспарлаудамыз», — деді Жеңіл өнеркәсіп өндірушілер одағының атқарушы директоры Наталья Кузнецова.

Айта кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Жолдауында индустрияландырудың басты міндеттерін атай келе, отандық бизнесті қолдауға қатысты бірқатар тапсырма жүктеді. Әсіресе, экспортқа шыға алатын кәсіпорындарға қолдау жасау қажеттігі атап өтілді. Оның ішінде, шикізатты өңдеу саласына басымдық беріледі. Осы орайда өңдеу өнеркәсібі мен шикізатты емес экспортты қолдауға қосымша 500 млрд теңге бөлу тапсырылды. Ал Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңге бөлетін болады. Ол ақша отандық өнімдерді шығару жобаларына жұмсалады.

Сондай-ақ Елбасы шикізаттық емес салада ірі жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторлармен тең қаржыландыру қағидатымен жұмыс істейтін тікелей инвестициялар қорын құру мәселесін көтерді.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.