Жастарды қолдауға жүрдім-бардым қарамайық! | arainews.kz

Жастарды қолдауға жүрдім-бардым қарамайық!

225

Жастар – ел ертеңі. Тәуелсіз мемлекетіміздің әлемдік саяси аренадағы беделін асқақ ету, ел мәртебесін биік етуде жастарға үлкен жауапкершілік артылған. Соған орай олардың сапалы білім алуына, дүниетанымын кеңейтіп, іскерлігіне, мансаптық өрлеуіне жағдай жасау мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналуы заңдылық. Осы орайда, жастарды қолдау шараларына қатысты жас депутат ретінде өз ұсыныстарымды айта кеткім келеді.

Жасыратыны жоқ, елімізде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі жиі сынға ілігіп жатады. Сондықтан да магистрлердің ғылыми дәрежесін заңмен белгілеуді ұсынамын. Сол заң шеңберінде олардың қызметтік өрлеуіне, өзі таңдаған саласы бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын тереңірек жүргізуіне жағдай жасалса құба-құп. Сондай-ақ, еліміздегі жетекші партия «Нұр Отанның» жасампаз жобасы саналатын жастар кадрлық резервінің жұмысын барынша жандандыра түсу қажет. Қазіргі таңда бұл жобаның партияны, мемлекеттік қызметті, өзге де құрылымдарды кадрмен қамтамасыз етудегі тәжірибесі үлкен нәтиже беруде. Партия мүшелері арасында да кәсіби мансап жолымен өрлеуде осы жобаны кәдесіне жаратуға ниеттілер көптеп саналады. Алдағы уақытта жоба жұмысын жүйелі етуде туындаған мәселелерді реттеуге тек партия тарапынан емес, мемлекеттік мекемелер де баса назар аударса екен.
Мұнан бөлек, жастарды заман ағымына сай тәрбиелеудегі үкіметтік емес ұйымдардың үлесін ерекше атап өткім келеді. Мәселен, облысымызда 2010 жылы «Жамбыл облысы пікірсайыс одағы «Еркін Пікір» жастар қоғамдық бірлестігі атты ұйым пайда болды. Бұл ұйым пікірталасқа қызығушылығы бар жастардың басын бір арнаға тоғыстырды. Нәтижесінде 4-5 жыл ішінде жастар арасында үлкен танымалдылыққа ие болды. Сол секілді өңірдегі жастар ұйымдарының басын біріктірген «Жаңа Ру» жастар коалициясы» да жастардың діни сауаттылығын арттыру жұмыстарымен тұрақты негізде айналысып келеді. Бірлестік «Қоғамдық тіл инспекциясы», «Жастар десанты» жобаларының басы-қасынан табылып жүр. Ұйым мүшелері сол арқылы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, тіл тазалығын қалыптастыру мәселесін қолға алды. Жастарға арналған іс-шараларды жаңа форматта іске асыруда «Жамбыл облысының қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының бастамасымен «Саналы Тalks», «Қоғамдық лекция» әлеуметтік жобалары жұмыс жүргізуде. «Саналы Тalks» жобасы арқылы жастар өз саласында айтулы табыстарға қол жеткізген тұлғалардың жетістікке жетуінің сырымен танысады. Сондай-ақ, жастардың мол білім мен тәжірбие жинауына «Қоғамдық лекция» жобасының берері мол.
Әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттерінде үкіметтік емес ұйымдар күнделікті өмірді жақсартуға зор ықпал етеді. Сәйкесінше, жастар да өзі таңдаған бағытта бұл ұйымдардың жұмысына белсене қатысып, болашақ мамандығының алғашқы қадамдарын жасауда. Соңғы жылдары бұл үрдістің елімізде де белең алып келе жатқаны қуантады.

Серікбол Берікқожа,
«Жамбыл облысы
қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы»
қоғамдық қорының
атқарушы директоры,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.