Ел егемендігін алып, етек-жеңімізді жиған сәттен бастап Елбасы жалынды жастарға жанашырлық танытып, қажетті сәтте қамқорлық көрсетіп келеді. Мол мүмкіндіктерді мүлт жібермей, мемлекет мейіріміне бөленген жастар да аз емес. Дейтұрғанмен, жастар арасында күрмеуі күні бүгінге дейін шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселелерді де жоққа шығара алмаймыз. Осыны ескерген Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл Ұлы Дала ұрпағының жүрегіне жігер сыйлағаны айтпасақ та түсінікті. Бірақ, келер жылдың жауапкершілігі әрбір жасты алаңдатып отырғаны жасырын емес. Сыннан басқа дымға жетелемейтін семинар-тренингтер мен форум, флешмобтардан әбден ығыры шыққан жастар бұл атаулы жылдан ауқымды өзгерістерді күтуде.
Азаттықтықтың алғашқы жылдарынан Елбасы мән беруге мұқтаж мәселелерді саралап, әрбір жылдың салмағын сала-салаға бөліп қарастырып келеді. Мәселен, 2000 жыл жоғымызды түгендеп, барымызды бағалау мақсатында Мәдениетті қолдау жылы аталса, 2002 жыл Президентінің Жарлығымен Денсаулық жылы болып жарияланды. Бүл халықтың денсаулық сақтау мәдениетін, медицина саласындағы қызмет көрсету деңгейін жоғарылатуға арналған маңызды шешім болды. Бұл уақытта аталмыш салаларда сүбелі серпілістер болғанын көз көрді. Ал, биылғы жаңа Жолдауында Елбасы өскелең ұрпақ өзеуреп күткен қолдауға ие болғандай. Себебі, онда Ұлт Көшбасшысы келер 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынып, жастарға үлкен сенім артатындығының дәлелін нақтылай түсті.
«Біз Қазақстанның болашағы саналатын жастарды қолдауымыз керек. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек», — деді Мемлекет басшысы бұл орайда.
Яғни, жастардың түрлі жобаларды жүзеге асыруына, жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасуына, кәсіпкерлікпен айналысуға, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған жұмыстар жан-жақты жетіледі деген сенімі зор. Бұл тұрғыда көптен күткен жыл тек ұрандатқан ұсақ-түйек, іліп аларлығы жоқ ілкімсіз іс-шаралармен өтіп кетпеуі керек. Осы орайда біз «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаевтан бастап, өңірдегі, әр саладағы жастардың ой-пікірін білген едік.
Осыған дейінгі Елбасының қай Жолдауын алсақ та, жастарға ерекше көңіл бөліп келген. Биыл жастар мәселесі тағы да ескерусіз қалмады. Жастардың білім алуы, әлеуметтік жағдайы ерекше аталып өтіп, келер 2019 жыл – «Жастар жылы» деп жарияланды. Біз үшін бұл – үлкен мәртебе! Алдағы уақытта Президент Жолдауы аясында Жастар жылына арналған Жастар ұйымдарының бірыңғай шаралары жоспары жасалатын болады. Елбасының жастарды ерекше атап өтуі, жастардың бойында жауапкершілікті арттырады. Себебі, бұл жолғы көтерілген мәселелер де Қазақстанда өмір сүріп жатқан азаматтардың қарапайым өз ауласында спортпен шұғылдануынан бастап қауіпсіздігіне дейінгі сұрақтарды қамтыды. Бюджеттік қызметкерлер мен ұстаздарымызға арналған бастамалар бүгінгі қоғамға қажетті өзгерістердің бірі де бірегейі, бұл тапсырмаларды Елбасы жеке назарына алды.
Мемлекет басшысының «Табысыңның өскенін қаласаң, еңбекқор болуың қажет!» — деген сөзі бар. Сондықтан да қоғамда еңбекқорлықты дәріптеу маңызды. Қоғамның әр азаматы өз жұмысын еліміздің дамуына апарар маңызды істің бөлігі деп білсе, зайырлы мемлекет ретінде көздеген мақсаттарымыз алыс емес. Елбасының халыққа Жолдауы – тәлімгердің оқушыға деген ақылы, жаттықтырушының спортшыға деген бағыты, әкенің баласына өсиеті. Яғни, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсу алгоритмі Жолдауда анық көрсетілген, бастысы – оны дұрыс орындау. Жауапкершілікті алу — діттеген мақсатқа қол жеткізу үшін бәріне де дайын болу дегенді білдіреді. Жастарға артылған сенім мен жаңа мүмкіндіктер үшін алғыс білдіреміз, — дейді Д.Сүндетбаев.
Ел болашағы жастар қашанда қолдауға зәру, мемлекет мейіріміне мұқтаж. Бірақ, олардың ешқайсысы мемлекетке алақан жайып отырған жоқ. Қалауы тек мүмкіндік берілсе деген талап-тілектің төңірегінде ғана. Ел аумағында 4 миллионға жуық жас болса, соның 240 мыңнан астамы Жамбыл өңірінде жүр. Әулиеаталық жастар келер жылдан не күтеді? Оны да сұрап-білдік.
Келер жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы – өңіріміздегі жастар саясатының дамуына тағы да бір үлкен серпін беретініне сеніп отырмыз. Біздің облыс жастарының потенциалы өте жоғары. Біз қазіргі таңда Елбасының алға қойып отырған мәселелерінің барлығын зерделеп, зерттеп, бірқатарын іске асырудың жоспарын бастап кеткенімізді айтқым келеді. Олар жастар арасында әлі де шешімін табуы тиіс мәселелер: жастар жұмыссыздығын азайту, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мен жастар әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыру. Сондай-ақ, келер жылы «Ғылым: заманауи сын-қатерлер және жастар әлеуеті» атты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Жас ғалымдарының І Халықаралық Форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Ендеше, аула таңдамайтын жаһандану кезінде ұлтымыздың жұтылып кетпей, керісінше, сол жолмен бірге ілгері жүріп, халықаралық арена төрінен орын алуына өзіміздің үлесімізді қосайық. Сондықтан Жамбыл жастарын Жолдаудағы тапсырмалардың орындалуына бір атаның баласындай жұмылып, атсалысуға шақырамын,-дейді облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Бауыржан Мурбеков.
Әрине, Жастар жылындағы жауапкершілікті тек облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасында ғана деп айтудан аулақпыз. Елдің болашағы жалпыға ортақ болғандықтан, тәлім, тәрбие, тағылымдық іс шаралармен тікелей айналысатын ішкі саясат, білім ұйымдарының, қала берді әрбір аға буынның перзенттік парызы десек артық айтқандық емес.
Елбасы келер жылды Жастар жылы деп жариялауының бірнеше себебі бар. Олар меніңше біріншіден, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру үшін, бүгінгі жастардың арнасын ХХІ ғасырда қажетті мамандықты игеруге шақыру. Әйтпесе үйреншікті сол баяғы экономист, заңгер мамандықтарына ғана мән беретін жастардың көптігінен, бүгінде жастар арасында жұмыссыздық мәселесі орын алуда. Екіншіден, назардан тыс қалып келген жастарға мемлекеттік бағдарламаларды бағыттау, жастар саясатын жаңа деммен қайта жаңғырту. Үшіншіден, Жастар жылын жариялау арқылы жас отбасылардың жағдайын жақсарту. Пәтерді қолжетімді ету әрі жалақыны көтеру және осылайша жас отбасылардың жағдайын жақсарту арқылы демографиялық ахуалды жетілдіру. Бұл істің нәтижесі де жастарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға жетелер еді,-дейді облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Айбек Әжібаев.
Өндіріс саласында өнімді еңбек етіп жүрген өр рухты өрімдей жастардың да өз айтары бар.
Жалпы өңірдегі өндіріс саласына арнайы мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарымен зауыт, кәсіпорындардың тығыз байланысы жоқтығынан қазір жас мамандар әлі де аз. Өндіріс саласында басым көпшілігі егде жастағы кісілер. Бірақ, оған жастарды кінәлай алмаймыз ғой. Себебі, өзім секілді өндіріске бет бұрғысы келетін кейінгі жастарды жоққа шығара алмаймын. Бастысы жастардың ниеті бар. Оларды тек бейімдеу керек. Сондай-ақ, келер жылы инженерлік мамандықтарға көп көңіл бөлінсе екен деймін. Оқу орнын бітіріп өндіріске келген жастарды қайта даярлаудан өткізу ісіне салмақты түрде басымдық берілсе. Мәселен, өзім секілді жастарды шетелдегі немесе еліміздің басқа өңірлеріндегі алпауыт зауыттарға іс-тәжірибе алмасуға тұрақты түрде жіберіп отырса, өндіріс күшін одан әрі дамытып, шаруаны ширатуға, шеберлікті шыңдауға игілігі мол болар еді. Себебі, іс барысында өндірістегі жастар әлі автоматтандыру, цифрландыру жүйелерін толыққанды меңгерген жоқ. Жастар жылынан осындай игіліктерді күтемін,-дейді «Қазфосфат» ЖШС филиалы- Жаңа Жамбыл Фосфор зауытының бас экологы Арман Қарағалиев.
Шығармашылықпен айналысып жүрген жастар да Елбасының бұл ұсынысына ерекше қолдау білдіріп отыр.
Жастар жылынан күтілетін жаңалықтар легі көп-ақ. Жұмысымның басым бөлігі шығармашылық бағытта болғасын, креативті ойлай білу қабілетін шыңдауды мақсат тұтқан жастардың бірі ретінде жастардың білімін жетілдіру үшін қолжетімді, бағасы тиімді білім алу бағдарламаларының саны көбейгенін, осы бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстары жұмыр жолға қойылғанын қалаймын. Мұндай бағдарламалардың қатарына көп жылдық оқу процестері емес, бірнеше күндік жаңа форматтағы тренингтер де жатады. Көбіне ауылдық жерлердегі ғана емес, тараздық жастардың өзі мемлекеттік бағдарламалардың бар екенінен бейхабар екенін көріп жүрмін. Халықаралық деңгейде ойлай білетін жастардың санасы мен тек мектептегі және ЖОО берген біліммен шектелген жастардың білім көкжиегі, ойлау деңгейінде үлкен айырмашылықтар болады. Біздің мемлекетке сауатты IT мамандары, ғылыми жаңалықтар жасауға ұмтылатын жастар керек. Сонда ғана мемлекеттік бағдарламалар осы салаларға қызыққан жастарға үлкен көмек болар еді. Әрі шығармашылықпен айналысатын, елінің әдебиеті мен мәдениетіне, руханияты мен тарихына қызығатын замандастарыма да көңіл бөлінсе деген ниеттемін. Себебі, Мәңгілік елдің жастары жан-жақты болуы тиіс,-дейді жас ақын Арайлы Жақсылық.
Жастар жылы жоғары оқу орындарының жауапкершілігі артып, кедергісіз кәсіппен айналысуға да барынша жағдай жасаларына жамбылдық жастардың сенімі мол.
Ағымдағы жылы Жамбыл өңірі жастарының арасында құқықбұзушылықтың артқаны байқалды. Себебі, жұмыссыздық, баспананың жоқтығы, материалдық құндылықтардың бірінші орында тұруы секілді олардың өміріне теріс ықпал ету әрекеттері әсер етуде. Жас отбасылардың шаңырағы шайқалып, жалғызбасты аналардың көбейгенін де естіп, көріп жүрміз. Жұмыссыздық мәселесі әрбір ауылда бар. Бізде жастар бас қосатын жерлер аз, бар болса қолжетімсіз. Қарапайым мысал ретінде спортпен шұғылдануға ниетті жастар фитнес клубтарына баруға қиналады. Өйткені, ол жастардың ерік-жігеріне емес, қалтасына ауыр тиеді. Мейрамханаларда даяшы, қоғамдық көліктерде кондуктор болып жүрген студент, тіпті мектеп оқушыларын да күнделікті көріп жүрміз. Ал, оқу орнын тәмамдап, жұмысқа барған жастардың еңбек өтілі болмағандықтан салы суға кетіп, талабының тауы шағылып, сұлулық салоны немесе сауда нүктелері мен жеке фирмаларда жалданып жұмыс жасауда. Меніңше келер жылы ауыл жастарына арнайы бөлек бағдарлама жүзеге асса және сол жүйе оларды қала жастарымен тығыз байланыстырса нұр үстіне нұр болар еді.
Жастар жылы жастар сарайы секілді үлкен орталық жұмыс жасап, ол домбыра, би, сурет салу, қолөнер секілді шығармашылық үйірмелер мен жайдарманшы және айтыскер, жас жазба ақындар, жас актерлер бас қосып тұратын алаңға айналса екен деймін. Және өз өңіріміздің сан саладағы талантты жастары топтастырылған кітап, фотоальбом жарыққа шықса, олардың жетістіктері жайлы телеарна мен баспасөз беттерінде ақпараттар жарық көрсе, басқа замандастарына стимул болар еді. Сондай-ақ жастарға төменгі пайызбен үй берілсе. Бұған қоса қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі өсіп келе жатқандықтан, Жастар саясаты туралы заңға жаңаша көзқараспен өзгерістер енгізіліп, аталмыш заңдағы 1-баптың 3-тармағындағы «Жастар – Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейiнгi азаматтары» деген жолды 29-бен шектеп қоймай, 35 жасқа дейін созу керек деп ойлаймын,-дейді Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті Рухани жаңғыру орталығының басшысы Бахтияр Бекназаров.
Ал, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың 4-курс студенті Ардақ Сапибулла «Жастар жылында қазақ жастары туралы рухты телехикая түсірілсе, үлкен мотивация болар еді. Әрі онда ауылдағы жастардың, шетелде оқып, елге оралған, сан-салада жүрген замандастардың өмірі көрсетілсе. Және жастардың идеяларына көптеп қолдау білдірілу керек. Себебі, оқу орындарында студенттердің ой, идеяларына аса мән беріле бермейді. Тек теория жүзінде білім беру ісімен ғана шектеледі. Сондай-ақ, Университеттерде зертханалық жұмыс жасайтын аудиториялар қолжетімді болумен қатар, ғылыми орталықтандырылса» дейді.
Теңіздей талап-тілектердің бұл бір парасы ғана. Теріп, тізе берсек келер жылдан Әулиеата жастарының күтері көп-ақ. Бірақ, қай істің болса да тиімді шешілуі үшін біреуге кінә артуға бейімділікті емес, адал еңбекпен қызмет етуге өздері де сақадай сай екенін аңғардық. «Ұрпаққа жол ашқан, Кең байтақ жерім бар. Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз елім бар» деп төгілетін ардақты Әнұранымызда айтылғандай, келер жыл расымен де өскелең ұрпаққа һәм жарқын болашаққа кеңінен жол ашып отыр.
Ал, Сіз, алдағы Жастар жылынан не күтесіз, құрметті оқырман?