Облыста мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асырудың 2018-2019 жылдарға арналған жол картасында жастар кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөлінгені мәлім. Іле-шала республиканың 6 облысын қамтыған «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасына жамбылдық өрендер де ат-салысты. Ойы ұшқыр жерлестеріміз ұсынған 555 жобаның 222-сі жеңімпаз атанды. Олардың қатарында байзақтық жастар да бар.
Бір ғана Ботамойнақ ауылдық округінде жастар корпусын дамыту жобасына ұсынылған 18 жоба қолдау тапқан. «Цифрлы Қазақстан» аталатын бастамашыл топ аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында ауыл тұрғындарына электронды цифрлы қолтаңба арқылы қызметтерді ұсынатын орталық ашқан. Осылайша 6000 тұрғыны бар ауылдық округ тұрғындары анықтама алу үшін аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығына сабылмайтын болды.
– Біздің жоба халықтың сұранысына сай келуімен ерекшеленеді. Өйткені, ауыл тұрғындарының көбі электронды цифрлы қолтаңба арқылы өзіне қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін онлайн режимде алуды білмейді. Бір анықтамаға бола аудан орталығына барып, әуреге түсіп жатады. Ал, біздің топ тұрғындарға электронды цифрлы қолтаңба арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін ұсынады. Күнделікті біздің қызметке 4-5 азамат жүгінеді. Біз қызмет сапасын арттыру мақсатында халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарынан кеңес алып отырамыз,– дейді жоба жетекшісі Жанерке Уәлиханова.
Ал, жастардың келесі бір тобының бастамасымен жоба аясында компьютер курсы да ұйымдастырылған. Қазір мұнда жоба қатысушылары ауыл тұрғындарына күн сайын әртүрлі компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеуді үйретеді.
– Дәл қазір курсқа 9 адам келіп жүр. Олардың көбі жұмыссыз. Жоба қатысушыларында ақпараттық жүйелер, информатика мамандықтары бойынша арнаулы білімдері бар. Сондықтан да, компьютерді меңгеру деңгейі әртүрлі ауыл тұрғындарымен жұмыс жасау ешқандай қиындық туғыза қоймайды. Компьютер курсын оқытуда арнайы тақырыптық жоспарға сай жұмыс жасаймыз. Барлық тыңдаушыларды әуелі техникалық қауіпсіздік ережелерімен таныстырамыз. Содан кейін олардың компьютерлік сауаттылық деңгейі анықталады. Оқыту курстары да тыңдалуышының қарым-қабілетіне сай жүргізіледі, –дейді жоба жетекшісі Әйгерім Қуанышева.
Жастар жобасы арқылы компьютер меңгеруге кіріскен ауыл тұрғындары да бұл бастамаға дән риза.
– Компьютер курсына 1 айдан бері тұрақты келіп жүрмін. Әзірге Microsoft Word бағдарламасын меңгерудемін. Жалпы, компьютерді үйренгеннің пайдасы көп екен. Қазір қай жерде болмасын жұмыс беруші ең әуелі компьютерлік сауаттылыққа баса назар аударып жатады. Сәйкесінше біз де заман ағымына сай бейімделуіміз керек қой, –дейді Ботамойнақ ауылдық округінің тұрғыны А.Шаяхметова
Өзге жастар тіршіліктің қамын күйттеп Астана, Алматыға аттанып жатқанда ауылда жүріп қоңырқай тірлік кешіп, кәсіпкерліктің алғашқы қадамын басқан өрендердің ісі көңілді сүйсінтеді.
Шынболат Күзекбаев