1 қыркүйек Білім күніне орай Жамбыл облысында 9 жаңа мектепте алғашқы қоңырау сыңғыры естілді. Осылайша жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бұған дейін үш ауысымда жұмыс істеп келген 3 мектеп пен 3 апатты жағдайдағы мектептің мәселелері шешілді.
Облыс орталығында жаңадан бой көтерген «Бәйтерек» мөлтек ауданы тұрғындары №3 мектеп-лицейінің ашылуын ұзақ күтті. Бұған дейін «бәйтеректік» бүлдіршіндер қаладағы өзге мектептерге қатынап оқып келген-ді. Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде мұнда 1200 оқушыға арналған мектеп-лицейі өз қызметіне кірісті. «Тараз құрылыс Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас мердігер деп танылған нысан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен бой көтерген. Білім беру ошағының материалдық-техникалық базасы да заманауи үлгіде жабдықталған.
Сол секілді Тараз қаласындағы №24 гимназияның жанынан 300 орындық қосымша ғимараттың пайдалануға берілуі мұндағы орын тапшылығы мәселесінің шешілуіне оң әсер еткені анық. Аумағы 1920 шаршы метрді құрайтын нысанда 42 сынып-кешені бар. Онда оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты ізденуіне мол мүмкіншілік жасалған.
Көптен бері тұрғындары мектеп тапшылығы мәселесін көтеріп жүрген шаһар аумағындағы «Шөлдала» иінінде де №59 орта мектебі ашылды. Сыйымдылығы 900 орындық ғимарат «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бой көтерген.
Облыс орталығынан шалғай жатқан Қордай ауданында да білім күнінде жаңадан 2 мектеп жұмысын бастады. Соғанды ауылындағы №33 негізгі мектебі 50 оқушыға арналған. Көктебе ауылындағы №40 негізі мектебінің де сыйымдылығы 50 орынды құрайды. Айта кету керек, екі мектептің де құрылысы облыстық бюджеттен қаржыландырылған.
Бұл күні Меркі ауданындағы Тескентоған ауылының оқушылары мен ата-аналары да ерекше шаттық кенелді. Жаңадан ашылған №23 жалпы білім беретін мектебі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен 150 оқушыға лайықтап салынған.
Жыл санап тұрғындарының саны артып келе жатқан Байзақ ауданының Байзақ ауылында да білім күнінде №4 мектеп-лицейі оқушыларға есігін айқара ашты. 300 орындық нысанның құрылысы ұлттық қордан қаржыландырылды.
Жаңа оқу жылынан жұмысын бастаған келесі нысан Жуалы ауданы, Қылызарық ауылындағы №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі. Мектеп сыйымдылығы 150 оқушыға арналған. Облыстық бюджеттен қаржыландырылған жобаның жалпы құны 477,5 миллион теңгені құрайды.
1 қыркүйек Талас ауданындағы Қасқабұлақ ауылында ерекше мерекелік көңіл күймен аталып өтілді. Өйткені, қасқабұлақтық оқушылар жаңа оқу жылына жаңа мектеп ғимаратынан бастайды. Сыйымдылығы 120 орынға арналған нысанның құрылысы облыстық бюджеттен қаржыландырылған.
Осылайша, жамбылдықтар жаңа оқу жылын білім саласындағы жарқын жаңалықтарымен бастағалы отыр.