Жамбыл облысының киелі жерлері туралы сайт ашылады | arainews.kz

Жамбыл облысының киелі жерлері туралы сайт ашылады

153

Жамбыл облысында тарихи-мәдени ескерткіштер мен киелі орындар туралы сайт ашылып, вируталды онлайн-карта жасалады.

Облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсеналы Бықыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлім еткендей, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне облыстан 8 тарихи-мәдени ескерткіш, ал жергілікті мәндегі өңірлік қасиетті орындар картасына 27 нысан енген.

Бүгінгі күні Жамбыл облысында 3 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш тіркеуге алынған. Олардың 5-еуі — халықаралық, 25 — республикалық, 711 — жергілікті дәрежеде, қалғаны алдын-ала тізімге алынып отыр. ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік мәдени мұра» тізбесіне Жамбыл облысы аумағындағы Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары мен Ақыртас сарай кешені енгізілген. Алдағы уақытта «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» іріктелген нысандардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары, архивтік құжаттары және аңыз әңгімелері жинақталып, «Әулиеатаның киелі жерлері» атты арнайы сайт ашылады. Сондай-ақ виртуалды онлайн-карта жасалады.

Жобаны жүзеге асыру үшін Жамбыл облысының аумағында орналасқан ескерткіштерді саралауға еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттарының, Ұлттық университеттері мен жергілікті ЖОО-лардың тарихшы, этнограф, өлкетанушы ғалымдарынан сарапшылар кеңесі мен жұмысшы тобы құрылған.

Сондай-ақ экспедиция барысында ғалымдардан құрылған топ киелі деп танылған ескерткіштерге қажеттілігіне қарай археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады.

Басқарма басшысының айтуынша, ашылуы жоспарланған сайттың негізгі мақсаты — цифрлық ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, киелі жерлер жайлы ақпаратқа ғаламтор желісі арқылы қолжетімділікті қамтамасыз ету. Сайт үш тілде ақпарат таратады деп күтілуде.

«Осындай нәтижелі жұмыстар арқылы Қазақстандағы қасиетті орындардың дәрежесі заңды түрде бекітілетін болады. Облыста киелі болып танылған тарихи-мәдени нысандар туралы кеңінен ақпарат беріп, құндылықтарымызды байытудағы басты мақсатымыз — тарихы терең орындарды сақтап қалу, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, туризмді дамыту арқылы барлық елдерге паш ету», — деп түйіндеді Дүйсенәлі Бықыбаев.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.