«Жамбыл облысының киелі жерлер картасы»: Меркі түркі ордасы | arainews.kz

«Жамбыл облысының киелі жерлер картасы»: Меркі түркі ордасы

734

Меркі түркі ордасы — Қазақстанның оңтүстігіндегі Жамбыл облысы, Шу өзенінің аңғарында Меркі елді мекенінен 37 шақырым қашықтықта орналасқан VІІ-VІІІ ғасырларда Батыс Түрік қағанатының орталықтары болған, түркі дәуірінен бізге жеткен, бай мәдени-тарихи мұра. 170-тен астам ескерткіштер 250 км2 аймағында Қырғыз Алатауының таулы жерінде 3000 метр биіктікте орналасқан. Меркі түркі ордасы Қазақстан территориясында орналасқан әйгілі ескерткіштер ретінде «ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандар» тізіміне ұсынылған.
Меркі ғибадатханасындағы мүсіндерде жеке тұрған әйел немесе ер адам бейнесі бейнеленген. Меркілік тас мүсіндерде қолдарына ыдыс ұстаған әйел мүсіндері барынша мәнермен өңделген. Егер мүсінде егде әйел бейнесі сомдалса кимешегі, келіншек бейнесі сомдалса сәукелесі, әшекейлері анық көрсетілген. Мүсіндердегі бас киімдер мен көкірегіне тағылған әшекейлеріне қарап, әйел адамның жасын және қоғамдағы әлеуметтік статусын ажыратуға болады. Меркі ғибадатханасындағы әйел адамдарына арналған тас мүсіндердің орналасуы, бейнелену ерекшеліктері көшпелі түрік қоғамында әйелдің ерлермен теңдей дәрежеде болғандығын аңғартады. Сонымен бірге мұнда түркілердің еркектік бастаумен бірге, Ананы — ұрпақ жалғастырушы ретінде тану сияқты, терең тамырлы көшпелілердің идеологиясы жатыр.
Меркі өңірінен бүгінгі таңда үш ойма жазу табылып отыр. 2000 жылы шілде айында табылған бірінші ойма жазу – “Мұң тарқатар жазу” көне түрік кезеңіне жатады. Бес руникалық таңбадан тұратын бұл көне түрік жазуын профессор А.Аманжолов түрікше “бұ қыл йас” деп оқыды. Қазақша баламасы “Мұңым-күйзеліс” (күйреу), екінші баламасы “Мұңымды тарқат”, “Шерімді жаз!” деген мағынаны білдіреді. Ғалымдар бұл қойтастағы жазудың хронологиялық уақытын көне түркі заманының соңғы ширегі деп болжайды.
“Көне түріктердің көк тәңірге тасқа ойып жазған тілегі” 2004 жылы тамыз айында табыл-ды. Ғажайып таңбалары бар қойтастың ұзындығы 4 м, ені 2 м. Жазудың өзі тасқа терең етіп ойылған ерекше үш таңбадан тұрады. Әр таңбаның биіктігінің өзі жарты метр шамасында. Таңбаларды зерттеу нәтижесінде түрік жазуының оңнан солға қарай оқылатыны анықталған. Бір ғажабы, жазу жоғарыдан, яғни көк аспаннан оқуға арналған тәрізді. Мұндағы жазу “абыну” немесе “абынғу” деп оқылды. Ол уану, жұбану деген мағына береді. Бұл сөздің түбірі – көне түрік етістігі абын-қазақ тілінде уан түрінде осы күнге дейін сақталған. Ғалымдардың пайым-дауынша, бұл қойтастағы көне руникалық жазу көк тәңірге арналған. Қойтастың жоғарғы жағындағы ойықтар мен тастың үлкендігін ескере отырып, бұл аймақты ғалымдар, осы өңірді мекен еткен көне түрік тайпаларының құрбандық шалуға арналған айрықша қасиетті де, киелі орны деп отыр. Қазақстан жеріндегі Шу өзені алқабындағы Меркі өңірінен табылған келесі жаңалық 2005 жылы болды. Қойтасқа ойып жазылған үшінші руникалық жазу екі таңбадан тұрады. Оның көне түрікше оқылуы ық “ық жер” дегенді білдіреді. Бұл көне руникалық жазуды оқыған профессор А.Аманжоловтың айтуы бойынша, қойтастағы жазу жайлаудағы ызғар желден, жауын-шашыннан пана болатын жерді белгілеп, көрсетіп тұрғандай.
“Мәдени мұра” тізіміне ұсынылған келесі бір тамаша ескерткіш – Меркі ғибадатханасының солтүстік жағындағы Жайсан ғибадатханасы. Бұл ортағасырлық түріктерден қалған мәдени – ғұрыптық кешен. Ғибадатханадағы ескерткіштерді зерттеу және сақтау жұмыстары 2001 жылдан бастап қолға алынды. Мұнда ескерткіштердің негізгі бөлігі орналасуына қарай бір заңдылыққа негізделген. Яғни, жерлеу құрылыстары кешеннің батыс бөлігінде орналасса, ғұрыптық құрылымдар кешеннің шығыс бөлігіне шоғырланған. Тек сирек жағдайда ғана қоршау-лар қорғандардың ортасында немесе культтік кешендердің батыс бөлігінде орналасқан. Жайсан ғибадатханасының құрамдас бөлігі болып табылатын түріктердің өнер туындылары мемориалдың оңтүстік батысына жақын аралыққа шоғырланған. Мұндай өнер туындыларына тас мүсіндерде және стелаларда, сондай-ақ жартастарда кездесетін рулық таңбалар, петроглифтер т.б. жатады.
Өзінің әлеуметтік-саяси құрылымы бойынша қоснегізді этнографиялық тұрмысы, яғни Орталық Азияның көптеген түрік тайпаларын құрамына енгізген Шығыс және Батыс бөліктері екі түрік әлемін – Шығыс және Батыс ареал тайпаларының мәдени арқатынасын көрсетеді. Тағ-дырдың жазуымен қасиетті Батыс Түрік қағанатының орталығында екі түрлі түрік әлемінің мәдениеті қосылған және Меркі ғибадатханасы ұрпаққа мұра ретінде қалды.

Дереккөздер:
1. Turkic sanctuary of Merke — UNESCO World Heritage Centre
2. Н.Кәдірімбетова, Б.Есбергенова, Түркілердің қасиетті ескерткіштері Шу өңірінен http://xn--ucoz-43dgv9c4c2ec.ru/blog/2008-09-27-25
3. http://moldir-bulak.kz/?p=5044

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.