Тотыдай таранып, сұңқардай сыланып, қырандай түлеп, ажары айшықталып, көркі кірген Тараз қаласындағы соңғы екі жылда орын алған өзгерістерге бір сәт көз жүгіртсек, бейнелеп айтқанда күн сайын емес, сағат сайын өсіп, ержететін ертегі кейіпкерлері ойға оралады. Себебі, айналып болмас аядай ғана уақыт ішінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен шаһардың сәулеттік кескін-келбетін жаңғыртып, келбетін айшықтайтын көптеген жобалар қолға алынып, жемісті жүзеге асырылуда.
Екі жылдағы ел игілігі үшін атқарылған, көз сүйсініп, көңіл марқаятын жұмыстың барлығы облыстық, республикалық баспасөз беттерінде, әлеуметтік желіде де жарыса жазылып жатқандықтан қайталап жатудың реті де, жөні де жоқ. Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытудан қашып отырғанымыз емес. Шаһардың шырайын келтірген шаруалар күн құрғатпай БАҚ беттерінде жазып жүргендіктен де бір ізді шиырлай бермей, бұл жолы қала тұрғындарының үніне құлақ түруге тырыстық.
Қазір қай ортада болмасын, таксиге немесе қоғамдық көлікке мінсең де, тіпті жиын-тойда отырсаң да тұрғындардың мүддесі үшін облыста қолға алынған қыруар тірлік әңгіме арқауына айналатын болған. Тіпті үздігіне бәйге беретіндей, бір-бірінен асыра мақтауға тырысып, сөзге жеңсік бермей, қызынып сөйлеп, кейде дауласуға дейін барғандарды көзіміз көрді. Әңгімелеріне құлақ түрсең, бірі қала көркін кіргізу мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды, бірі әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған жобалар жайлы, енді бірі өзінің ұсыныстарын айтып, қызыл кеңірдек болып жатқаны. Бүгінгі күнге дейін атқарылған және алдағы уақытта жүзеге асатын жұмыстар көбімізге мәлім. Сондықтан да талай ортада өзіміз естіген, әлеуметтік желіде қоғам белсенділері ауық-ауық көтеріп жүрген ұсынысқа тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Жалпы Тараз қаласы аумағында тұрғындар демалатын арнайы орындар саусақпен санарлықтай. Әсіресе, жаз мезгілдерінде адам аяғы үзілмейтін «Зербұлақ» көлі қала тұрғындарының суға шомылып, тал-дарағын саялап, күн көзіне қыздырынатын демалыс орындарының бірегейі. Өкінішке қарай, қала ішіндегі жалғыз «Зербұлақ» демалыс орны қаншама жылдан бері жиі-жиі сын садағына ілініп жүргенімен «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып тұр. Мәселен облыстық «Aq jol» газетінің 2014 жылғы кезекті санында мезгілсіз өмірден өткен журналист Лесбек Сайлаубек «Зербұлақ» па, сорбұлақ па?» атты мақаласында «Көрген көзде — жазық жоқ», көлді жағалай аралап өттік. Көл жағасын шөп басқаны, оның құрбақалар мекеніне айналғаны, жан-жағында бос шөлмектердің шашылып жатқаны көпшілік ренішін туғызуда. Жағалауда қалдыққа толы қапшықтар да, құрылыстан қалған күл-қоқыстар да жатыр. Біздің көзімізше Берік Рысқұлов деген жігіт суға түсуге оқталды да, кері оралды. Су бетінде қалқыған памперстер мен іріп-шіріген ескі-құсқы шүберектерді көріп, жүрегі айныды-ау дейміз. Суы иістенген, құрақ, қоға, жалбыз өскен, балдырлы көлде бақа ғана сайран салуда» деп жазады. Одан бері де табаны күректей алты жыл өтсе де «Зербұлақ» сорынан арылмаған. Қайта жыл санап көркі қашып, демалатын орынға емес, бұзақылардың мекеніне айналып барады. Ал қала тұрғындары көл көркемдігі көз сүйсінтіп, күміс суы көңіл жадыратып, келген демалушылар арқа-жарқа болып жүру үшін тиісті деңгейде көңіл бөлінгенін қалайды.
– Бұрын суға шомылу маусымында ғана емес, жыл он екі ай бойы «Зербұлақ» көлі маңында сейіл құрып жүретіндерді көп көруге болатын. Әсіресе жаз айларында мектеп жасындағы оқушылардан бастап, ересектерге дейін көлге келіп, демалушылардың көптігінен аяқ алып жүру мүмкін емес болатын. Ал қазір көлдің қызығы кетті десек те болады. Себебі демалушылар үшін ешқандай қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті қанша көлге жақын жерде тұрсақ та барғымыз келмейді.
Жалпы көл аумағында мыңдаған халық тұрады. Ертеректе «Тайвань» алқабынан бөлек ықшамаудандардан да тұрғындар ағылып келіп жататын. Сондықтан да тұрғындар сұранысына сай «Зербұлақ» демалыс орнын тек жаз мезгілінде ғана емес, төрт мезгілде де жұмыс істеп тұратындай етіп қайта жаңғыртса екен деген тілегіміз бар. Негізі көл жазда шомылып, қыста сырғанақ тебуге таптырмайтын орын. Одан бөлек қала ішіндегі өзге де саябақтардағыдай түрлі аттракциондар қойылса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Ташкент көшесі, №281 үйдің тұрғыны Фархат Ақназаров.
Ал Ақжүніс Сыдықова есімді қала тұрғыны алдағы уақытта «Зербұлақ» көліне де көңіл аударылып, тараздықтарға тамаша тарту жасалатын күн алыс емес екеніне сенімді.
– Кейінгі жылдары қаладағы тозығы жеткен демалыс орындарының бірқатары қайта қалпына келтіріліп, ел игілігіне ұсынылды. Сұрқы қашқан саябақтар сұлудай сыланып, аллеялардың айшықты ажары көзді арбап, қала келбеті көріктеніп, көркейе түсті. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын «Жеңіс» саябағы қазіргі уақыттағыдай көз арбайтындай көп өзгеріске түсетіні айтылса ешкім сенбес еді. Қашан көрсең табаны құрғап, күлімсі исі қолқаны қабатын қазіргі «Үшбұлақ» каналы қалай құлпырып шыға келді. Сол себепті де «Зербұлақ» көлі де бірнеше жылда Тараз қаласының тұрғындары тынығатын тамаша орынның біріне айналады деп ойлаймын.
Көршілес Шымкент қаласында «Зербұлақ» секілді «Жайлаукөл» атты саябақ бар. Аумағы әлдеқайда үлкен. Жасанды көл айналасында тамақтанатын орындар, түрлі аттракциондар қызмет көрсетеді. Көргенде көзің тояды. «Shymkent altyn eye» деп аталатын үлкен айналмалы аттракцион арқылы қала қонақтары мен тұрғындары 50 метр биікке көтеріліп, Шымкенттің келбетін айқын көре алады. Бұдан бөлек саябақта 22 ойын аттракцион келушілердің үлкен сұранысына ие. Көл бетінде катамаран, қайықта тербетіліп, сырласып жүрген жастар көп. Ал көлдің дәл ортасында ғашықтарды «Махаббат аралы» шақырады. Мұнда орындыққа жайғасып, ас-суға тапсырыс беріп, романтикалық көңіл күйге бөленуге болады. Сол секілді «Зербұлақты» да шымкенттіктердің тәжірибесіне сүйене отырып қайта жөндесе жөн болар еді. Көл аумағынан халыққа қызмет көрсететін түрлі орындар да ашуға болады. Мүмкіндік мол. Бірақ пайдалана алмай жатқанымыз өкінішті, – дейді Ақжүніс Бақытқызы.
Тағы бір қала тұрғыны, «Еркебұлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Руслан Мыркалыков «Зербұлақ» демалыс орнын белгілі бір мекеменің меншігіне беру арқылы ғана тығырықтан шығуға болатынын айтады.
– Біздің балалық шағымыз «Зербұлақ» көлінде өтті. Сол маңда тұрғандықтан да жаз мезгілінде таңнан қара кешке дейін судан шықпай, ата-анамыздың айқайымен ғана қайтатынбыз. Кейін көшіп кетіп, жуырда қайта демалыс орнына жақын маңға қоныс аудардым. Кешкілік бір мезгіл отбасымызбен серуендеуге шығамыз. Шыны керек, көлдің қазіргі күйін көріп қарның ашады. Кезінде Ілияс Тортаев Тараз қаласының әкімі болып тұрғанда көп жұмыстар жүргізіліп, көлдің сәні кіріп қалған болатын. Бірақ кейін тұрақты бақылау болмағаннан кейін істелген жұмыс зая кетті. Сондықтан алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілсе, бір мекемеге бекітіп беру керек деп ойлаймын. Әйтпесе «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» кебін киіп, көп ұзамай таз қалпына қайта түсетін болады.
Облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен өңірде тұрғындар игілігі үшін аз жұмыс жасалған жоқ. Енді «Зербұлақ» демалыс орнына да назар аударылып, ел игілігіне берілетін күн де алыс емес деген үміттеміз, – дейді Руслан Мыркалыков.
Әрине тұрғындардың талап-тілегі, ұсынысы негізсіз айтылып отырған сөз емес. Әрі-беріден соң, бұл тек біз сөзге тартқан бірнеше тұрғынның ғана емес, мыңдаған тараздықтарды толғандырған, көкейінде жүрген мәселе. Бәлкім, демалыс орнын қайта жаңғыртуға қатысты біз білмейтін кедергілер де бар шығар. Бір анығы, бастысы темірдей тәртіп пен талап болса, кез келген істің көзін тауып, қиюын келістіруге болатынына облыс әкімі Асқар Мырзахметов көзімізді жеткізді. Cондықтан да қазіргі уақытта көркі қашып, кез келгеннің аяушылығын тудыратындай күйге түскен көлдің көп ұзамай көпшіліктің кәдесіне жарайтын күні алыс емес деген ойдамыз. Ал ол үшін арқаны кеңге салып, көктемнің келуін күтпей, қазірден қам жасап, қарекет қылмақ керек.
Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ