Ұлы жазушының ұлағаты ұмытылмайды | arainews.kz

Ұлы жазушының ұлағаты ұмытылмайды

188

Қалың қазақ жұртының арқа сүйер ардагері, атпал азамат, қайсар тұлға Шерағаңның қазасы – ауыр қаза. Шерағаң қай орынға бармасын, ең бірінші кезекте ұлт мүддесін, туған халқының талайлы тағдырының шын жанашыры бола білді. Ол «Егемен Қазақстан» газетін басқарған, ҚР Мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы болып істеген жылдары да ұлт рухының оянуы үшін, халқымыздың өз топырағында өгейлікпен күн кешпеуі үшін, қазақ өнерінің, мәдениетінің гүлденуі үшін бар жанын салды.
Парламент Мәжілісінің депутаты болған кездің өзінде қазақ тілінің тағдыры үшін талай рет ашық айқасқа түсіп, тер төккені қалың жұрттың есінде.
Әкесі Мұртазаның халық жауы болып нақақтан ұсталып, атылып кеткені Шерағаңның жүрегінде мәңгілік қайғы болып қалды. Қырғыздың ұлы перзенті Шыңғыс Айтматовтың жазықсыз жала құрбаны болған әкесі Төреқұлдың сүйегі табылғанда, Шерағаң күңірене күрсініп: «Қайран әкем Мұртазаның әлдеқалай сүйегі табылса, ол да көңілге аз-кем болса да медеу болар еді-ау», деп тебірене еске алғаны санаға ұялапты. Өз ұлтының шынайы жоқшысы бола білген Шераға ұлтымыздың ұлы перзенті Тұрар Рысқұловтың шынайы, көркем бейнесін шеберлікпен бедерлеп, халқына мұра етіп қалдырды.
Шерағаңның сонау 1963-1970 жылдары қазақ жастарының сүйікті газеті «Лениншіл жасты» басқарған кезде ол, шын мәнінде, көптеген талантты жастарды тәрбиелеп, олардың шығармашылық жолдарының даңғыл, жарқын болуына ықпал етті. Сонау Алтай аймағынан Оралхан Бөкейді, Атырау алабынан Фариза Оңғарсынованы, Сарыарқаның сайын даласынан Ақселеу Сейдімбекті, Қаратау өңірінен Кәрібай Ахметбеков сынды азаматтарды бауырына тартып, олардың қанаттануына, бойларындағы таланттарының кең өріс ашуына орасан зор үлес қосты.
Осы азаматтардың барлығы да өздерін «Шерхан ағаның шапанынан шыққандармыз», деп шынайы мақтан ететініне біздер куәміз. Оның бір шапағатын осы жолдарды жазып отырған автор да көрген. Сол жылдары «Лениншіл жас» газетінде Шерағаң мен Оралхан Бөкей екеуінің ынта қоюымен «Аққу» эстетикалық клубы жұмыс істейтін. Оның мақсаты қазақ жастарын әлемдік өнер алыптарының туындыларымен кеңінен таныстыру, сұлулық әлеміне бойлату еді. Осы клубтың белсенді авторы болған мен ұлы суретшілер, мүсіншілер Леонардо да Винчи, Рафаэль, Сикейрос, Сарьян, Коненков, Левитан т.б. туралы эсселер жазып, газетке жарияладым. Университеттің соңғы курсында диплом жұмысын қорғауға дайындалып жүрген кезім болатын. Сол кезде Шерағаң мен студент болсам да Ташкент қаласына арнайы іссапармен жіберді. Қайда жүрсе де қазақтың жоғын жоқтап, намысын ту етіп көтеретін Шерағаң сонау Өзбекстанда ғұмыр кешіп жүрген КСРО Халық суретшісі, КСРО және Өзбек КСР-нің Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, қазақ перзенті Орал Таңсықбаев туралы мақала жазып келуді тапсырды. Шығыс халықтарының арасынан тұңғыш шыққан академик суретшінің үйінде бес күндей болып, қылқалам шеберінің шығармашылық сырына мейлінше қанықтым. Елге келген соң «Лениншіл жас» газетінің бетінде аса көлемді «Тау мен дала жыршысы» атты толғанысқа толы эссем жарық көрді. Сонда Шерағаңның шынайы ризашылығының шапағатын ерекше сезіндім. Өзі елде жүрсе де, сырт топырақта жүрген қазақ перзенттерінің, зиялыларының тағдырларына бейжай қарамайтын қасиеті кімді де болса сүйсіндіруші еді. Оның «Бір кем дүние…» атты шағын кітабын оқығанда даңғайыр жазушының жүрек қойнауынан шымырлап шыққан, сезіміңді сілкіп өтетін қысқа қайырым өткір ойлары, тебіреністері, толғаныстары оның азаматтық тұлғасының қаншалықты биік екендігін ерекше сезіндіреді.
Соғыс өртінің тылдағы қиыншылығын, қыспағын көп көрген, тағдыр тақсыретін мол тартқан Шерағаңның «Ай мен Айша» романын, «Соғыстың соңғы жесірі» атты кітабындағы әңгімелерін оқысаңыз, ащы шындықтың қаны сорғалап тұратындығы көз алдыңнан кетпейді. Үлкен тұлғаның тәнін тойымсыз қара жер қанша жасырса да, оның рухани, әдеби-көркем туындылары туған халқының ту етіп ұстар мұрасы болып ұзақ ғұмыр сүретіні ақиқат. Аспантау баурайында кіндік қаны тамған топырақта уақыт өте келе биік тастұғырда Шерхан ағаның асқақ бейнесі кең әлемге тебірене көз салып тұратынына бек сенемін.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.