Ұлттың сөзін сөйлеп өткен намыс найзағайы | arainews.kz

Ұлттың сөзін сөйлеп өткен намыс найзағайы

164

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. Қараорман қазақтың қамын күйттеп, ұлттың ұлы сөзін сөйлеп өткен намыс найзағайы Шерхан Мұртаза өмірден өтті. Қазан айының қара суығында келіп жеткен бұл қаралы хабар бәрібір алып бәйтеректі құлата алмайды, мөлдір бұлақты суалта алмайды.

Қара сөздің қасиетін сақтап қала береді. Шерхан Мұртаза ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы бола білген алып тұлға. Оның шығармалары да өзі сияқты тағдырлы еді. Шерхан Мұртаза дүниеге келген күні таланттың басына тәж орнаған. Дүниеден өткен күні де талант тәжі тағынан түсе қоймаса керек.

Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан Шерхан аға көзден кетсе де, көңілден кетпейтін көрнекті тұлға. Аңыз адам, абыз азамат. Өз шығармаларындағы әрбір кейіпкердің қайталанбас тағдыры сияқты, Шерхан аға да өзгеше тағдырдың иесі еді. Енді бүгін сол бітімі бөлек тұлға, арыстандай ақырған айбарлы аға, ақылшы абыз фәниден бақиға көшті. Тіршілік деген осы екен. Бірақ өмірге кім боп келдім, кім боп кетіп барамын деген сауал саналы адамның санасында салмақ болып қала берсе керек. Бала Барсхан дана Шерханға айналды. Ол көптің бірі емес, бірдің өзі еді.

Кесіп айту, турап сөйлеу үшін де адамға мінез керек. Мінезсіз адамның мұңы да болмайды. Шерхан Мұртаза мінезді, турашыл тұлғалардың қатарынан еді. Ұлт мәселесі дегенде ұстарадай тіліп түсетін ақиқатшыл арда тұлға енді арамызда жоқ. Өкінішті әрине. Бірақ рухы мәңгі тірі. Сөзі тірі. Бақұл болыңыз, Аға. Иманыңыз жолдас болсын. Қазаққа қашанда Шерхан қымбат. Қайталанбас құбылыс аяулы…

Хамит Есаман, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.