Түркістан облысының полицейлері жоғалып кеткен бір үйдің екі баласын тапты деп хабарлады turkystan.kz polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Отырар аудандық Полиция басқармасы бес және төрт жастағы балаларды Шәуілдір ауылындағы көпқабатты үйлердің ауласында ойнап жүрген жерінен тапты.
«Полиция басқармасының қызметкерлері балаларды ауыл-аймақтағы тұрғындардан, көрші ауылдардан сұрастырып, бүлдіршіндердің баруы мүмкін деген жерлердің бәрін түгел қарап шықты. Әсіресе, канал жағасы мен ойын алаңдарын мұқият тексерді. Соның нәтижесінде балаларды 5-6 шақырым қашықтықта орналасқан көпқабатты үйлердің ауласынан тапты.
Полицияға балалардың анасы өзі хабарласты. Ол таңғы сағат 8.30 шамасында бес және төрт жастағы ұлдарын үйіне қалдырып, өзі жұмысқа кеткен. Содан көп ұзамай қайтып оралғанда балаларының үйде жоқ екенін көрген.
Ұлдарын уайымдаған ана оларды өз бетінше іздеген. Алайда, таба алмаған. Содан полиция қызметкерлерінен көмек сұрады. Қазір бүлдіршіндер аман-есен анасына тапсырылды», – делінген Полиция басқармасының хабарламасында.
Отырар аудандық ПБ-ның хабарлауынша, ағайынды балалар аналарының жұмысқа кетіп бара жатқанда соңынан ілесіп шыққан. Алайда, жарты жолда аналарын таба алмай, қайтар жолдан жаңылысып, көпқабатты үйлердің арасында адасып қалған.
«Ұлдарыммен аман-есен қауыштым. Дер кезінде көмек қолын созған полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер», – деп балалардың анасы өз ризашылығын білдірді.