Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі облыстық филиалында баспасөз мәслихаты өтті. Онда филиал директоры Евгений Шарыгин отандық валюта нарығындағы қазіргі ахуал мен «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының іске асу барысы жайлы баяндады.
Е. Шарыгиннің айтуынша, биылғы жылдың шілде айындағы долларды сатып алу және сату бағасы 6,7 миллион және 12,7 миллион АҚШ долларын құраған. Мұны өткен жылдың осы есепті кезеңімен салыстырғанда сатып алу мен сату көлемі, яғни 8,35 және 14,3 пайызға төмендегені байқалады. Сондай-ақ, еуро мен Ресей рублін сатып алу және сату көлемі де біршама төмендеген.
Сондай-ақ, филиал директоры Қазақстан қор биржасында қалыптасқан жағдайға да қысқаша тоқталды. Айталық, 2018 жылдың 5 қыркүйегінде өткен екі сессияның қорытындысы бойынша теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы бір АҚШ доллары үшін 369,89 теңгені құрады. Айдың басынан бастап АҚШ долларының бағамы 1,78 пайызға әлсіреген.
– 10 қыркүйектен бастап Қазақстан Ұлттық Банкі валюталық алаңды дамыту шеңберінде «Қазақстан қор биржасы» акционерлік қоғамында T+1 жүйелік есептеулермен валюталық операциялар жүргізеді. Т+1 жүйесіне көшу шетелдік инвесторлар үшін ішкі нарықтың тартымдылығын арттырады, әрі туынды қаржы құралдарының нарығын дамытуды ынталандырады. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердегі меншікті болжау жүйесін дамытады, – деді ҚР Ұлттық Банкі облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгин.
Баспасөз мәслихаты барысында филиал директоры теңге құнының құлдырауына әсер етіп отырған мұнай бағасының құбылуы, сыртқы саудадағы негізгі серіктес елдер валюталарының бағамы, төлем балансы мен инфляцияның жай-күйі, Ұлттық банктің базалық ставкасы және әлемдік пайыздық ставкалар сынды маңызды факторларды да атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Ұлттық Банкінің дүйсенбі бүгінгі таңдағы ресми ақпараты бойынша теңгенің 1 АҚШ долларына шаққандағы бағамы 377,74 теңгеге дейін төмендеді.