Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы жергілікті «Жастар ресурстық орталықтарының» қызметкерлері мен түрлі санаттағы жастардың біліктілігін арттыру, олардың теориялық, практикалық, әдістемелік деңгейін жетілдіру, мамандар арасында өзара тәжірибе алмасуға жағдай жасау мақсатында «Жастардың кәсібилігін арттыру – тиімді жұмыс кепілі» тақырыбында оқыту семинарын ұйымдастырды.
Екі күнге созылған шараға 250 жас қатысып, білікті мамандардың дәрісін тыңдады. Семинардың ашылуында сөз сөйлеген басқарма басшысы Мәди Мәтен өңірде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы мәселелер мен жетістіктерге тоқталып өтті. Сондай-ақ, қала мен аудандарға жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы таныстырылды.
Мұнан соң оқытуға бекітілген лекторлар өздеріне тиесілі тақырыптар бойынша ой қозғап, шеберлік дәрістерін өткізді. Атап айтқанда, «Жастар-зерттеу» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Парида Мамедова «Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ерекшеліктері», облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің бас сарапшысы Альбина Тапаева «Мәңгілік Ел» идеясының құндылығы мен болашаққа берер бастауы», «Жамбыл облысы бойынша жастар қауымдастығы» ұйымының төрағасы Исламбек Дастан «Әлеуметтік желінің мемлекеттік саясатқа әсері» тақырыптарында тренинг жұмысын жүргізсе, облыстық ардагерлер кеңесінің тұрақты комиссия мүшесі Исмаил Хаджимуратов «Ұрпақтар сабақтастығы, қазақстандық патриотизм мен отбасылық құндылықтар», Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа «Мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру бағыттары», облыс әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» инспекторы Ерзат Жақыпов «Дәстүрлі діни таным – экстремизмге қалқан» тақырыптарында дәріс оқып, тиімді жұмыс жасау жолында өз тәжірибелерімен бөлісті.
Оқыту барысында жастар арасында туындаған мәселелерді талқылау үшін жастар саясаты саласындағы бастамаларды іске асыруға арналған диалогтық алаңдар құрылды. Жастар тарапынан тиімді жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныстар мен пікірлер жинақталды. Шара соңында тыңдаушылар практикалық тапсырмаларды орындап, алған білімдерін қорытындылай келе, сертификатқа ие болды. Сонымен қатар, Халықаралық жастар күніне орай жастар ісі жөніндегі мамандардың бірқатары басқарманың арнайы Алғыс хаттарына ие болды.
Ш.БИДІЛДАҰЛЫ