Тараздықтар Жеңіс күнін ерекше атап өтпек | arainews.kz

Тараздықтар Жеңіс күнін ерекше атап өтпек

273

Тараздықтар Жеңіс күнін тойлауға тыңғылықты дайындалуда. Бұл мақсатта қала әкімдігінің бас болуымен бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Нәтижесінде, облыс орталығында Жеңістің 74 жылдығына арналған мерекелік шаралар басталып та кетті. Мәселен, шаһардағы барлық кәсіпорындар мен мекемелерде, оқу орындарында, қала мектептерінде арнайы сабақтар мен сынып сағаттары, лекциялар, ҰОС ардагерлерімен кездесулер, қайырымдылық акциялары өткізілуде.

Бүгінгі таңда Тараз қаласында 39 ардагер мен ҰОС-ның  мүгедектері, 2000-ға жуық ҰОС ардагерлерімен мүгедектеріне теңестірілген, соғыс жылдарында тылда еңбек еткендер тұрады. Тараз қаласы әкімінің аппараты ардагерлердің барлық мәселелеріне аса көңіл бөліп отыр. Соның бір көрінісі ретінде қала билігі ардагерлерге «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ақжол», «Знамя труда», «Жамбыл-Тараз» газеттеріне тегін жазылым ұйымдастырып бермек.

Сонымен қатар, мерекеге орай қалалық бюджеттен Ұлы Отан соғысы ардагерлері және мүгедектеріне 150 000 теңге, тылда еңбек еткендерге 30 000 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Ал, Жеңіс күні  облыс және қала басшылары, қала жұртшылығы мен ардагерлері қаладағы А. Сухамбаев, Ы. Сүлейменов, Т. Тастандиев, «Қарасу» мөлтекауданындағы ескерткіштерінің алдында жиналып, боздақтарды еске алып гүл шоқтарын қояды. Мұндай шара «Ерлік» мемориалдық кешенінде халық қаһарманы Б.Момышұлының, тыл еңбекерлеріне арналған ескерткіштерінде де өтеді.

Мерекедегі ерекше шара – «Қаһарман ұлт» жалпыреспубликалық шеруі болмақ. Әкери-патриоттық бірлестіктердің бастамасымен жүзеге асқалы отырған шеру қала көшелерімен жүріп өтеді. Осылайша, тараздықтар Отан үшін ұрыс даласында жан қиған майдангерлерді, сонымен қатар соғыстан оралып, бейбіт өмірде ел дамуына үлес қосып, өмірден өткен ардагерлерді де еске алмақ. Шеруге облыс әкімі А.Мырзахметов те қатысады.

Жеңіс тойына үлкен сыйлық – «Ерлік» мемориалдық кешенінде ашылатын «Даңқ» музейі болмақ. Сұрапыл соғыс жылдарын, Ауған соғысын бейнелейтін экспонаттар қойылған залда «Бауыржантану» орталығы да жұмыс істейді.

Сондай-ақ, мерекелік шаралар аясында «Жеңіс» саябағының амфитеатрында ардагерлерге арналған  әскери асхана ұйымдастырылмақ.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.