Тараздықтар асық ойынының «Үшбас» атты жаңа түрін шығарды | arainews.kz

Тараздықтар асық ойынының «Үшбас» атты жаңа түрін шығарды

248

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұстаздары «Үшбас» спорттық асық ойынын ойлап тапты.

Атап өтілгендей, асық ойынының жаңа түрін Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің педагогтары — доцент, Аймақтық менеджмент академиясының қауымдастырылған профессоры Бекболат Аманжолұлы, доцент, ф.ғ.к Жамбыл Елемесұлы, аға оқытушы, педагогика ғылымдарының магистрі Дархан Ізтілеуұлы ойлап тапты. «Үшбас» асық ойыны және оны ойнайтын жер түрлі идеяларды қамти отырып, қазіргі заманға лайықты етіп жасалған. Ол шахмат тақтасына ұқсас жиналмалы үстел үстінде ойналады. Көлемі 1 х 1 метрді  құрайды, көтеріп жүруге ыңғайлы, жоғары беті ұлттық нақышта жасалған.

«Тақтаның біріккен жеріне, яғни орта тұсына 12 асық тігіледі. Әр асық орналасатын жерге қазақ халқының 12 жыл қайыру күнтізбесіндегі аң суреттері салынған. Тақта (үстел) биіктігі 40 см. Үстелдің шеттеріне атылған асықтар салынып отыратын торлар орналастырылған. Тор қақпаға ұқсас, екі шетінде тіреуі бар. Үстел беті арнайы матамен қапталған. Ойын төрешінің 3 сақаны бір қолдың алақанына алып, үстел үстіне шашып тастауынан басталады. 3 сақаның түсуіне байланысты (1 алшы, 2 алшы, 3 алшы немесе әртүрлі) ату кезегін анықтап алады. Яғни алшы түсуі міндет болып саналады. Бұл ойынды екі немесе келісім бойынша жұп, топ болып ойнауға болады. Ойын бастаушы 3 сақаны алып (өзі немесе жұп, топ болып) ойынға кіріседі. Ойын ережесінде асық ойналатын үстелге өте жақын тұруға болмайды. Жақындап, ойынға кедергі келтірсе немесе ойын ережесінің бұзылу жағдайында айып төленеді. Айып ақшалай төленеді. Айып төленбесе ойыншы (жұп, топ) ойыннан шығарылады. Бұл асық ойынының міндеті болып саналады. Оны төреші өзі белгілейді. Ойын үстелінен кері 1, 2 және 3 метр, яғни ойыншының жас ерекшелігіне байланысты өріс сызығында тұрып, 3 сақамен кезек-кезек асықтар атылады. Әрбір ойыншыға үш атыстан кезек беріледі. Үш атыстан кейін келесі беттегі ойыншы ойынды жалғастырады. Ол да дәл осы іс-әрекетті қайталайды», — дейді Дархан Ізтілеуұлы. Ойыншылардың жас ерекшеліктеріне байланысты ату қашықтығы келесідей белгіленеді:  6-10 жасқа дейін — 1 метрден, 11-16 жасқа дейін — 2 метрден, 17 жастан жоғары — 3 метрден. Ойынды тек төреші ғана басқарады. Үш атыс кезінде ортаға қойылған 12 асықтың біреуі болсын торға түсуі керек. Ал сақаның қайда, қалай жатуы міндет емес. Тек асықтың торға түсуі есепке алынады. Асықтарды атқан кезде, асық үстел үстінде қалса, сол жатқан жерінде қалады. Жерге түсіп кеткен жағдайда ол арнайы белгіленген айып алаңына қойылады. Ойын 12 асық біткенше ойнала береді. Егер ойынды бастаушы ешқандай асықты торға түсіре алмаса, екінші ойыншыға кезек беріледі. «Төреші ойыншының ұтқан асықтарын есепке алады. Қай ойыншының асығы көп болса, сол жеңімпаз болып есептеледі. Ойын тең болған жағдайда төреші «Үшбас» спорттық асық ойынының ережесімен екі ойыншының туған жылын қазақ халқының жыл қайыру күнтізбесімен анықтап, ойыншылардың өзіне тән жыл қайырудағы аң басына асықты қойып атады. Асыққа тигізсе, ойыншы жеңген болып есептеледі. Асыққа тигізбесе, келесі ойыншы осы ереже бойынша жалғастыра береді, яғни асыққа тигізу міндет», — деп толықтырды Дархан Ізтілеуұлы.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.