Таразда 25 көпқабатты үй жөндеуден өтті | arainews.kz

Таразда 25 көпқабатты үй жөндеуден өтті

1 561

Ағымдағы жылы Тараз қаласында көп қабатты тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге 989,6 миллион теңге бөлінді. Өз кезегінде, бұл қаржы мақсатты игеріліп, облыс орталығындағы 25 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалып отыр.

Жалпы бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша барлығы 1 298 көппәтерлі тұрғын үй болса, оның 300-і жуығы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Тозығы жеткен тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жұмыстары бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс комитетіне бюджеттік өтінім де берілген. Аталған бюджеттік өтінімге оң шешім шығарылған жағдайда 2020 жылы Тараз қаласындағы 80 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ал биыл бұл мақсатқа 1 миллиард теңгеге жуық қазына қаржысы қарастырылып, оған 25 тұрғын үй жөнделіп жатыр. Тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарына бөлінген ақшаның тең жарымы Тараз қаласының қазынасы есебінен қарастырылған. Ал қалған қаржы бұған дейін жөндеу жұмыстары жүргізілген үйлерден қайтарым қаржы есебінен төленген.

Тараздағы тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде «Ақбұлақ» ықшамауданындағы №9, 17 үйлердің де сәні кірді. Іргетасы жарты ғасыр бұрын қаланған тұрғын үйлердің бұған дейінгі жағдайы мәз емес еді. Тозығы жеткен тұрғын үйлерге өткен жылдың қараша айында «Строители Века» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде 90 отбасы паналап отырған екі тұрғын үйдің тұрғындары да атқарылған шаруаның көңілдерінен шығатынын айтады. Жөндеу жұмыстарына бөлінген 47 миллион 856 мың 838 теңгені мақсатты пайдаланған серіктестік тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін жөндеп, әрлеп қана қоймай оның шатырлары мен жылу, ыстық және салқын су, кәріз жүйелері мен элеватор торабынан тұратын инженерлік желілерін толықтай жөндеуден өткізген. Сонымен қатар тұрғын үйлердің кіреберістеріне де толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жасалынған.

Расында облыс орталығында тұрғын үйлердің дені 50 жыл бұрын салғанымен ешқандай жөндеу көрмей тозығы әбден жеткен еді. Алдағы уақытта осы үйлердің тұрғындары да тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу жұмыстарының шарапатын толық сезіне алмақ.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.