Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Жомарт түлек – 2021» атты түлектер кездесуі өтті. Ауқымды шараға сан салада сүбелі еңбек етіп, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан Әулиеата тумалары қатысты.
Айтулы шара текті топырақтан түлеп ұшып, еліміздің мәдениетін, экономикасы мен руханиятын көтеру жолында жан аямай еңбек еткен марғасқа майталмандардың өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау, туған жер перзенттерін өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуға шақыру және әлеуметтік бастамаларды іске асырудың оң тәжірибесін тарату, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт секілді сан саладағы әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру мақсатында ұйымдастырылды. Мазмұнды басқосуға «Қазақстанның Еңбек ері», Қазақстан Республикасының және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, белгілі қайраткер Өмірбек Байгелді, «Қазақстанның Еңбек ері», ұлағатты ұстаз Аягүл Миразова, Халық қаһарманы, әскери қайраткер Бақытжан Ертаев бастаған танымал тұлғалар қатысты. Ілкімді іс-шара тәуелсіздігіміздің отыз жылдығында өңірде атқарылған игі істерді айшықтаған фильммен ашылды. Ізін ала шараға қатысушы түлектердің кіндік қаны тамып, қара таныған ауылы мен мектептеріне жасаған демеушілік әрекеттері бейнеролик арқылы көпшілік назарына ұсынылды.
«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады… Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мәні терең «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап өткендей, Әулиеатада да туған жерге туын тігіп, баянды істерге бастамашы болып жүрген жерлестеріміз аз емес. Аймақта алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараны ашып беріп, жүргізіп отырған аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы халқына қарайласып, өңір мен елдің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Әулиеата тумаларына алғысын жеткізді.
Ал басқосудың алғы сөзі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің басшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Махмұд Қасымбековке онлайн байланыс арқылы берілді. Өз сөзінде Махмұд Базарқұлұлы туған өлкеге қарайласу қашанда перзенттік парызы екенін тілге тиек етіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңаша жалғастырып отырған жамбылдықтарға Елбасының құттықтау хатын оқып берді.
Шараға арнайы қатысқан Асанәлі Әшімұлы, Өмірбек Байгелді, Аягүл Төреқызы, Бақытжан Ертаев бастаған қайраткерлер туған өлкеге деген ыстық сағыныштарын тебірене жеткізіп, ұтымды бастамаларға ұйытқы болып отырған аймақ басшысының ісіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар қазіргі таңда АҚШ пен Сингапур, Мәскеу қалаларында абыройлы еңбек етіп жүрген жерлестеріміз де онлайн байланыс арқылы туған өлкеге ізгі лебіздерін жеткізді. Басқосу соңында облыстың дамуына қосқан сүбелі үлесі және «Жомар түлек» акциясына белсене қатысқан өңір тумаларына аймақ басшысының алғыс хаты мен «Жомарт түлек» сыйлығы салтанатты түрде табыс етілді.
Нұржан Қадірәлі