Тамды ауылынан Билікөлге дейінгі жайылымның тарихы бұғып жатқан шежіреге толы киелі мекен. Қарт Қаратаудың етегін бойлай орналасқан «Қотырбұлақ», «Бүйрекбастау», «Кебек қашқан», «Тайбастау», «Жетім шоқы» жайында ел аузында айтылып жүрген неше түрлі аңыз аз емес.
Табиғаты әсем, тылсымға толы орындар жергілікті археологтармен қатар, шетел ғалымдарының да қызығушылықтарын арттырып отыр. Оған былтыр Бүйрекбастауға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді бастаған Қазақстан Ұлттық музейі директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жакен Таймағанбетовтің ерекше маңызға ие тас құралдарын тауып, тұрақтың жас шамасын б.д.д. 30 мың жыл деген қорытынды жасауы себеп болған-ды. Жакен Қожахметұлы Халықаралық Қазақстан – Жапония археологиялық экспедициясы тарапынан жүргізілген қазба жұмыстарының барысында аз ғана уақытта 200-ден астам көне жәдігерлер аршылып алынғанын айтады. Өте сирек ұшырасатын қырғыш, жебе, өзекті тас секілді құралдар жердің үстіңгі қабатынан, тіпті, бетінен табылып жатқан көрінеді. Әдетте, мұндай заттар ең кемі 5, кейде 12 метр тереңдіктен қазып алынады екен.
Айта кету керек, өткен ғасырдың 50-60 жылдары археолог Хасан Алпыспаевтың зерттеуімен табылған б.д.д 1 миллион- 800 жыл аралығын қамтитын алғашқы адамдардың тұрағы болған Тәңірқазған, Бөріқазған тұрағы да бұл маңнан алыс емес. Жапонияның «Nara» археология институтының жас ғалымы Кунитаке Садакатсудың айтуынша, ол елде тас тұрақтары кездеспейтіндіктен, полеолит дәуірін ден қойып зерттейтін тарихшылар жоққа тән.
– Алғашқы адамдар кезінде жан-жаққа Азия арқылы қоныс аударып отырған болуы мүмкін. Олар негізінен Қаратаудың оңтүстігі арқылы Тянь-Шань тауынан асқан деген болжамдар шындыққа жанасатын сияқты. Өйткені, әр өңірде жүргізілген зерттеулер нәтижесі осыған саяды, – дейді жапон ғалымы.
Өткен жұмада қазба жұмысының барысын Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев арнайы келіп көріп, экспедиция құрамының жағдайымен танысқаны есте. Сапар барысында Қуатжан Серікқазыұлы:
– Еліміздің әр өңірінен тарихи орындар табылуда. Маңызды тұрақ ретінде тізімге енгізу жағын ойластыруымыз қажет. Мұндай орындар тамырымызды терең тануға мүмкіндік ашады, – деп археологтардың еңбегіне сәттілік тілеген болатын.
Ауыл іргесіндегі жайылымға жаз шыға мал жайып, бие байлайтын тұрғындар оның тарихи орын екенін естіп, ерекше таңданып отыр. Десе де, «Бүйрекбастаудан» табылған тас тұрағы таластықтар үшін ғана емес, еліміз үшін тосын жаңалық. «Қаратаудың тасын түртсең, тарихы сөйлейді» деп тегін айтылмаса керек.
Нарбол Қашаған,
Талас ауданы